Жаңалықтар

15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eOtinish-ті интернетсіз пайдалануға болады

Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Осы жылы 15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish сияқты мемлекеттік сервистерді пайдалану үшін нөлдік тариф енгізіледі. Яғни ол қосымшаларға кіріп, қызметін пайдаланғанда мобильді интернет трафигі есептелмейді. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Цифрлық штабта осындай шешім қабылданды.

«Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелері үшін нөлдік тарифтеуді пайдалану азаматтардың мобилді шотындағы баланс нөл немесе теріс болған жағдайда мемлекеттік ресурстарға кепілдік беретін қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай қадам Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді және digital by default форматына көшудің маңызды кезеңіне айналады», – деп жазылған үкімет хабарламасында.

Мұндай тәжірибе шетелдерде де бар. Мәселен, Эстонияда X-Road және e-Services платформаларын, ал Сингапурда SingPass, Gov.sg, MyInfo қызметтерін интернетсіз тегін пайдалануға болады.

Бұл жобаларды жүзеге асыру жыл соңына дейін жасанды интеллект арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз ету деген мақсат тұр.

Қазір 1 408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған, тағы 984-ін одан әрі цифрландыра түсуге болады, ал 56 қызмет проактивті форматқа көшірілген.

Осы жылы тамызда Тоқаев барлық мемлекеттік мекемелерді Aitu мессенджеріне өтуге міндеттеді. Цифрлық даму министрлігінің түсіндіруінше, бұл мессенджер тек қызметтік мақсатта ғана пайдаланады, Whatsapp, Telegram тәрізді шетелдік сервистерді қолдануға шектеу болмайды.