
30 жыл ішінде Азия даму банкі (АДБ) Қазақстандағы энергетика, цифрлық даму, тұрғын үй инфрақұрылымы жобаларына 7,5 млрд доллардан аса қаржы салды. Бұл жайлы АДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Кумар Утсав пен Серік Жұманғарин кездесуінде айтылды.
Инвестиция құйған жобалар ішінде «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолын қайта жаңарту, «Қызылорда – Павлодар – Үспен – РФ шекарасы» трассасының «Қызылорда – Жезқазған» учаскесі бар.
Алдағы жылдары екі тарап «Сарыағаш қаласын айналып өтетін автожол құрылысы», «Инклюзивті және жасыл тұрғын үй қаржыландыруға жәрдемдесу» жобасын бірлесіп атқармақ. Фискалдық басқару бағдарламасы мен қаржы секторының реформасын да қатар жүзег асыру жоспарланған.
Кездесуде Қарағанды, Ақтөбе және Семей қалаларында университеттік ауруханалар салу жобаларының әлеуметтік маңыздылығын да атап өтті.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасына белсенді қатысуы. Мемлекет бұл бағдарламаға 2001 жылы қосылып, көлік саласындағы 32 жобаға 10 млрд доллар тартты.
«Бұл іс-шара жылды қорытындылап қана қоймай, ОАӨЭЫ-ның болашақтағы басымдықтарын айқындайды, сондай-ақ көлік пен транзитті дамыту мәселелері жөніндегі жаһандық диалогтың ажырамас бөлігіне айналады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Азия даму банкі (ADB) Қазақстан экономикасына қатысты болжамын жариялаған еді. Қаржы ұйымы ел экономикасы биыл 5,1%, келесі жылы 4,3% өсім көрсетеді деп болжап отыр.