«Барлығы заңды»: Жанәбіловтер отбасы мемлекетпен соттаспақ

Жарияланды 27 Тамыз 2025 17:11

Айша Кутубаева

Айша Кутубаева

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Жанабылов, розыгрыш, автомобили
Фото: Ерболат Жанәбіловтың парақшасынан

Ұтысқа 10 машина тіккен танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова мемлекетпен соттасуға дайын. Бұл жайлы олардың адвокаты Олег Чернов Курсив тілшісіне берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, онлайн-курсты жарнамалау кезінде ұтыс тігу – қалыпты маркетинг акциясы. Клиенттерім айыппұл төлемейді және қажет болса сот алдында қорғануға дайын деп мәлімдейді қорғаушы.

Олег Чернов туризм және спорт министрлігінің дәл блогерлерге «көзі түскеніне» таңғалып тұр.

«Сол әлеуметтік желілерде ірі блогерлер мен компаниялар тауар мен қызмет сатылымын арттыру мақсатында ұтыс жүргізеді. Бірақ біз оларға қатысты мұндай дүрбелең мен тексерістерді байқаған жоқпыз. Ондай мысалдар көп. Олардың әрекеті заңсыз демеймін, бірақ олар да тура менің клиенттерім жасағанды жасады», – деп атап өтті ол.

Адвокаттың сөзінше, белгілі бір тұлғалар заңсыз әрекетпен айналысып жатыр деген күдік туындаса, оны тексеруге болады. Немесе ары қарай жауапкершілікке тарту қажет. Бірақ танымал блогерлердің жағдайында, олар негізінен курстардың сатылымымен айналысады. Ал сыйлық ұтысын сол курстардың саудасын қыздыру үшін қосымша ұйымдастырған. Курсты сатып алғандардың әрқайсысы сол конкурсқа қатыса алады.

«Жүлде ұтыс ойыны өз қызметтерінің сатылымын ынталандыру мақсатында өткізілді. Бұл – бұрыннан келе жатқан тәжірибе, әлі күнге дейін қолданылады. Есіңізге түсіріңізші, бала кезімізде газдалған сусынды 3-4 бөтелкеден сатып алып, оны ішу үшін емес, қақпағын ашып, қандай сыйлық күтіп тұрғанын көру үшін алатынбыз ғой», – деді Олег Чернов.

«Оларды кінәлі деп танитынына күмәнім бар»

Оның сөзінше, мұндай шараларды көптеген компаниялар мен блогерлер ұйымдастырып жатыр. Сондықтан Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың әрекеті де заңға негізделген деуге болады.

«Конкурсқа қатысушылар өз жүлделерін алып жатыр, адамдар ұтыс ойынының ашық әрі әділ өтіп жатқанын көреді, ақылы курстар да қатысушыларға беріледі. Іс кез келген жағдайда сотта қаралады, өйткені бізге тағылған әкімшілік құқықбұзушылықпен келіспейміз. Егер сот оларды кінәлі деп тапса, әрине, олар айыппұл төлейді. Дегенмен, менде соттың оларды кінәлі деп танитынына күмән бар, өйткені сот шешімді заңға сәйкес қабылдауы тиіс, ал болжамға немесе қоғамдық пікірге сүйенбеуі керек. Егер сот мемлекеттік органның жағына шықса, онда қате сот тәжірибесі қалыптасуы мүмкін, ал оны кейін жаңадан құрылған Кассациялық соттың түзетуіне тура келеді», – деді ол.

Черновтың айтуынша, процесс ашық өтеді. Қазақстандықтар екі тараптың ұстанымы мен уәждерін ести алады. Алайда ол министрліктің дәлелдерін сенімсіз деп бағалады. Сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу барысында қатысушылардың құқықтарының бұзылғаны туралы сотқа хабарлауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, танымал блогерлер инстаграм парақшасында  10 көлікті ұтысқа қоятынын жариялаған. Ол ұтысқа қатысу үшін блогерлерден құны 30 мың теңге тұратын курс сатып алу қажет.

Осыдан кейін құмар ойындар мен лотерея қызметін реттеу комитеті олардың әрекеті қаншалықты заңға сай екенін анықтау үшін тексеріс басталғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз