Банк пен қаржы

ҚНРДА-ның шешімінен кейін банктер ипотека беруін азайтты

Фото: ашық дереккөзден

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында бөлшек несие нарығында баяулау байқалды. Бұған реттеушінің талаптары, ақша-несие саясатының қатаңдауы, халық табысының төмендеуі (2025 жылдың алты айында – 2,6%) әсер етіп, несие көлемін де, сұраныс сапасын да төмендетті деп жазады қаржыгерлер қауымдастығы.

2024 жылдың алты айындағы кезеңмен салыстырғанда жаңа несие беру көлемі екі есе азайды. Осы жылдың қаңтар-маусым аралығында жаңадан берілген несиелер көлемі 14,4%-ға көбейсе, бір жыл бұрынғы дәл осы кезеңде көрсеткіш 28,8% еді.

Ұзақ уақыттан бері негізгі қозғалтқыш деп саналған кепілсіз борыш сегменті 16%-ға төмендеді. Ал автонесиелеу (+54%), кепілге берілген несие (+23%) және ипотека (+14%) саласында сұраныс ұлғайды. Бұған серіктес бағдарламалары, өнім желісін кеңейту, акциялық өнімдер мен шарттарын жеңілдету деген факторлар ықпал етті.

Ипотека беру азайды

Бірақ сұраныс ұлғайғанмен банктер тарапынан мақұлдау көрсеткіші өзгеше болды. Банктер автонесиелеу, кепілсіз және кепілдікпен берілетін несиелерді белсенді түрде қолдап отырды. Ал ипотекаға келгенде банктер тарапынан мақұлдау көрсеткіші 37%-дан 26%-ға күрт төмендеген. Сарапшылар жылдық сыйақы мөлшерлемесіндегі өзгерістер теріс әсер етті деген пікір айтады.

Осы жылдың үшінші тоқсанында да автонесиелеу мен кепілдіктегі қарыздарға сұраныс артып, кепілсіз несие мен ипотекаға деген қызығушылық төмендейді деген болжам бар. Несиені 24 сағаттан кейін беру, кеңсеге тікелей бару сияқты жаңа талаптар бұл өнімдердің потенциалына шектеу болмақ.

«Жалпы алғанда, бұл тұтынушылық белсенділіктің одан әрі қысқару тәуекелдерін арттырады, ол өз кезегінде жиынтық сұранысты тежеп, жалпы экономикалық өсім қарқынын шектейді», – дейді қаржыгерлер қауымдастығы.

Осы жылы ипотека нарығында өзгерістің бірі – жылдық сыйақы мөлшерлемесінің өзгеруі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен, бірінші қарашадан бастап банктер ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға түсіруі тиіс. Яғни тұтынушылар үшін бұл несие түрі арзан бола түседі.