Жаңалықтар

Маск дегеніне жетті: Starship ғарыш кемесі сынақтан сәтті өтті

SpaceX компаниясы Starship зымыранын ғарышқа ұшырды / фото: REUTERS/Steve Nesius
SpaceX компаниясы Starship зымыранын ғарышқа ұшырды / фото: REUTERS/Steve Nesius

Илон Маск оныншы рет дегенде Starship алып зымыранын ғарышқа сәтті ұшырды. Бұған дейінгі тоғыз сынақ сәтсіз аяқталған. Миллиардердің SpaceX компаниясы коммерциялық ғарыш саласында шүбәсіз көшбасшы атанды. Бұл туралы Kursiv.Media The Financial Times мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Ұзындығы 122 метр Starship АҚШ-тың Техас штатындағы Starbase айлағынан ұшырылды. Ғарыш кемесі төменгі қабаттағы жылдамдатқыштан бөлініп шығып, сегіз жалған Starlink спутниктерін орбитаға алып шықты. Содан кейін ғарыш аппараты қайтадан Raptor қозғалтқышын қосып, атмосфераға түсті. Ол Үнді мұхитына құлады. Ал аса ауыр жылдамдатқыш болса ғарышта бірнеше сынақты сәтті өткізіп, Мексика шығанағына қонды.

Осылайша, оныншы мәрте дегенде, ауыр зымыран сынағын сәтті өткізген Илон Маск коммерциялық ғарыш саласында оған теңесер ешкім жоғын тағы дәлелдеді.

Starship – тарихтағы ең алып зымыран жүйесі. Маск оған үміт артып отыр. Сынақтың сәтті өтуі миллиардерге НАСА ғарыш агенттігінен жаңа келісімшарт алуға, Ай мен Марсқа адам тасу жоспарын жүзеге асыруға көмектеседі.

Ғарыш кемесі 250 тонна жүкті алып ұша алады. Бұл SpaceX компаниясының Starlink желісін кеңейтуға мүмкіндік береді. Қазір ғарышта 8 мың осындай спутник ұшып жүр. Кейінгілері айтарлықтай ауыр.

SpaceX компаниясы 500-ден аса зымыран ұшырған. Осының алдында қатарынан бірнеше сынақ сәтсіз аяқталған. Содан кейін АҚШ федералдық азаматтық авиация басқармасы миллиардерге бірнеше ай зымыран ұшыруға тыйым салған.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстанда ресми түрде интернет қызметін ұсына бастады. Технология шалғайдағы аймақ тұрғындарына интернет пайдалануға мүмкіндік береді.