
«Алматы мейрамханаларында жылқы етінен дайындалған стейк тартылады. Бірақ ол Орталық стадионда жеген тезектен әлдеқайда дәмді». Шотландиялық беделді бір басылымның «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы матч туралы мақаласы осылай басталады.
«Қайраттан» таяқ жеді
Daily Record шотландиялық басылымы жанкүйерлер үшін «Селтиктің» Чемпиондар лигасындағы жеңілісін көру тезек жегеннен де ауыр деп сипаттады:
«Алыс жерге артынып барған «Хупс» жанкүйерлеріне команданың Чемпиондар лигасынан бірден ұшып кеткенін көргеннен гөрі, соны [тезекті] жұта салған жеңілірек».
Соған қарағанда, Қазақстанға сапарлаған DR авторына қазы дәмі мен «Қайрат» ойыны қатты әсер еткенге ұқсайды. Daily Record мақаласы гастроном эпитеттер мен драмаға толы.
«Селтиктің» «Қайрат» шабуылшылары мен ойыншыларынан үш жарым сағат бойы таяқ жегені аздай, матч соңындағы пенальти одан бетер қайғыға ұласты».
Басылым клуб басшылығын маусымға дайындықсыз кіргенін айыптаған. Десе де мақала соңында «Қайрат» ойыны туралы екі абзац арнауды ұмытпаған. Автор алматылық команданың қарымта матчқа үш үздік футболшысынсыз шыққанын атап өткен. Жасындай жарқыраған жас жұлдыз Дастан Сәтбаев «сары қағазбен» ойыннан шеттетілді. Негізгі бапкер Александр Заруцкий мен шабуылшы Эдмилсон өткен аптадағы алғашқы ойында жарақат алып қалды.
«Соған қарамастан олар «Селтикпен» жаға жыртыса алды. Әлбетте, ауыр жол, қолайсыз атмосфераны сылтауратуға болар еді. Бірақ ол [«Қайрат»] Чемпиондар лигасындағы көптеген қарсыластың тізесін дірілтете алатын команда емес», – деп түйіндеген DR.
Қазақстандағы «қорқынышты түн»
Тағы бір беделді The Scotsman басылымы «Қазақстандағы қорқынышты түн», «Алматыдағы жиіркеніш», «Селтиктің» ойсырай ұтылуы» деген мазмұндағы сипаттамалар қолданды.
«Тергеу басталсын. Алматыдағы жиіркеніш. «Плей-офф рауында «Қайраттан» ұтылған «Селтик» биыл Чемпиондар лигасында ойнамайды», – деп басталады басылым мақаласы.
Әрі қарай мақала градусы көтеріле береді:
«Мұндай шошқаны бояумен жасыруға да болмайды. «Селтик» қожайындары жеңіліс үшін жауап берсін. Өйткені Шотландия чемпионы жігерлі, бірақ күші аз қарсыласқа 210 минут бойы гол соға алмады».
Ойын соңындағы пенальти сериясында да «Селтик» бес доптың үшеуін соға алмағаны асқан өкінішпен баяндалды. Дегенмен қарсыластың қайсарлығын жоғары бағалады.
«Алматының «Қайраты» голға лайық. Өйткені ол қайсарлық пен табандылық танытып, атағы мен даңқы жоғары, қымбат футболшылары көп команданы жеңді», – деп түйіндеген The Scotsman.
Естеріңізге сала кетейік, 26 тамызда «Қайрат» клубы Алматының Орталық стадионында «Селтик» командасын пенальтиде жеңді. Осылайша, алматылық клуб тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне өтті.
«Қайрат» іріктеу сынынан сүрінбей, Еуропаның ең мықты клубтары қатысатын дүбірлі додаға шыққаны үшін қомақты сыйақы алды.