
27 тамызда АҚШ-тың Үндістанға баж салығын 50%-ға дейін көтеретін заңы күшіне енді. Вашингтон Нью-Делиге Ресейден мұнай сатып алғаны үшін экономикалық шектеу енгізіп отыр. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Құрама Штаттардың Үндістанға баж салығы бұған дейін 25% болса, президент Дональд Трамп оны екі есе көтерді. Бұған дейін Ақ үй дәл осындай көлемдегі сауда салығын Қытай мен Бразилияға салған.
Reuters мәліметінше, баж салығы мыңдаған шағын тауар экспортаушыға кері әсер етеді. Соның салдарынан жұмыс орны қысқарады. Дегенмен жергілікті билік жаңа салық саясатынан зардап шеккендерге қаржылай көмек беруді көздеп отыр. Олар енді Құрама Штаттарға емес, Қытай, Латын Америкасы мен Таяу Шығысқа тауар тасиды.
Үндістан осыған дейін АҚШ-қа 87 млрд долларға тауар экспорттап келген. Енді баж салығы соның 55%-на әсер етуі мүмкін. Үндістанда тауар экспорттаушылар ұтылып, олардың Вьетнам, Бангладеш және Қытай секілді бәсекелестері ұтады.
Осының алдында Трамп Үндістанға Ресейден мұнай экспорттауды доғаруды бірнеше мәрте талап еткен. Сарапшылардың есептеуінше, Нью-Дели Ресейден шикі мұнай экспортын арттыру арқылы 17 млрд доллар үнемдеген. Алайда мұндай табыс ел экономикасының бір бүйірінен тесіп шығатын түрі бар. Өйткені Трамптың жаңа салық саясаты Үндістанның АҚШ-қа экспортын 37 млрд долларға дейін азайтып жіберуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Трамп 2025 жылғы 1 тамызда Қазақстан тауарларына 25% баж салығын салған. Дегенмен жергілікті үкімет жаңа салық саясаты ел экспортына айтарлықтай әсер етпейді деп отыр.