Түркістанда көмекке келген фельдшер соққыға жығылды

Жарияланды
Түркістанда көмекке келген фельдшер соққыға жығылды / Фото: Shuttertsock

Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері 26 жасар Құдырет Мүтәліпов соққыға жығылды. Ол шақыртумен жүкті әйелге көмек беруге барған. Әйелді тексеріп жатқанда науқастың күйеуі оны ұрып-соққан. Мүтәліповтің миы шайқалып, ауруханаға түскен.

Оқиға қалай болды?

Оқиға кеше таңертең болған. Мүтәліповпен бірге тәжірибеде жүрген Жанел Қуанышбек болған.

«Негізі жүкті әйелге бардық. Оны төсекке жатқыздық. Қасында анасы мен күйеуі болды. Әйелдің соқыр ішек болған, болмағанын білу ішін саусақпен басып тексерді. Осы кезде күйеуі қызғанып, қыз тексерсін деп талап етті», – дейді Қуанышбек.

Оның сөзінше, Мүтәліпов бұған келіспеген. Ол науқасты қарап, ауруханаға жатқызу үшін оған бірнеше сұрақ қойған. Осы сәтте күйеуі фельдшерді сұрақтың астына алған.

«Құдірет Мүтәліпов науқаспен сөйлесіп тұрғанын айтқанда, күйеуі оның оң жақ бетіне жұдырықпен ұрды. Фельдшер отырып қалғанда бас сүйегінің арты қабырғаға тиді. Мең-зең болып, есін білмей қалды. Осы кезде күйеуі сол жақ беті мен иығынан аяқпен тепті. Бұл соққыдан фельдшер қорғана алған жоқ», – деді Қуанышбек. Фельдшерді әйелдің күйеуінен анасы арашалап алған.

Фельдшер қандай жарақат алды?

Жанел Қуанышбек пен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі станца мен полицияға хабар берген.

Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденовтің айтуынша, Мүтәліпов аурухананың жарақат бекетіне түсте түскен. Дәрігерлер оған «жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, көз аймағының жұмсақ тіндерінің соғылған жарақаты гематомасы» диагнозын қойып, травматология бөлімшесіне жатқызған.

«Қазіргі таңда науқастың жағдайы орта ауырлықта. Қажетті мамандардың кеңесі беріліп, емделуде», – дейді бас дәрігер.

Берденовтің сөзінше, Мүтәліповтің хәлі туралы полицияға хабар берілген. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Мүтәліповтің өзі оқиға туралы журналистерге қандай да бір пікір беруден бас тартты.
Түркістан облыстық жедел жәрдем станцасының заңгері Нұрмахан Абдулланың айтуынша, ұрып-соққандар жәбірленушіден кешірім сұраған. Ол кешірім берген. Фельдшер полицияға арыз тастамаған.

Сондай-ақ оқыңыз