Қазақстанда қандай мамандықтарға грантқа түсу қиын

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
General news бөлімінің тілшісі
Грант иегерлерінің тізімі шықты
Қазақстанда қандай мамандықтарға грантқа түсу қиын / фото: shutterstock

2025 жылы талапкерлерге грантқа түсу ең қиын болған мамандықтар қатарында «Халықаралық қатынастар», «Аударма ісі» және «Бизнес және басқару» мамандықтары бар. Аталған бағыттар бойынша бір орынға 16 адамға дейін таласқан жағдайлар болған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді.

Ең танымал және сұранысы аз мамандықтар қайсы

Көбенованың айтуынша, биыл талапкерлер ең көп қызығушылық танытқан мамандықтар – гуманитарлық және басқару бағыттары болған.

«Бір орынға ең көп – 16 адамнан келген мамандықтар – «Халықаралық қатынастар» мен «Аударма ісі», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар вице-министр кейбір мамандықтарда конкурс өте төмен деңгейде қалып отырғанын атап өтті.

«Әзірге бұл бағыттарға мал шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, балық шаруашылығы, көлік саласы жатады. Жағдай осындай», – деді Көбенова.

Ақылы оқу үшін күрес

Вице-министр 2025 жылы ЖОО-ға түсу үшін жалпы ең төменгі шекті балл – 50, ал ұлттық университеттерге – 75 балл екенін еске салды. Педагогикалық, медициналық және құқық саласындағы мамандықтарға талап одан да жоғары.

Алайда, оның айтуынша, шекті балды жинау ЖОО-ға түсуге жеткіліксіз болып отыр. Университеттер өздері қабылдау деңгейін көтеріп, талапкерлер тіпті ақылы оқу үшін де қатты бәсекеге тап болған.

«Бүгінде біз кейбір университеттердің 100 балдан жоғары шекті деңгей қойғанын және ол жерлерге ақылы оқу үшін де конкурс үлкен болғанын көріп отырмыз. Мысалы, мұндай ЖОО-лардың қатарында елордадағы ЕҰУ және «Астана медицина университеті» бар», – деп атап өтті Көбенова.

Оның айтуынша, кей жағдайларда болашақ шет тілі мұғалімдері немесе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары болғысы келген талапкерлерге 120 балдан жоғары жинау қажет болған.

Бұған дейін, 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы көтерілетінін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз