Lifestyle

Қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстан арасында үш темір жол туры ұйымдастырылады

"Жібек жолы" тур пойызымен саяхат / Фото: Туризм және спорт министрлігі
«Жібек жолы» тур пойызы / Фото: Туризм және спорт министрлігі

2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Өзбекстан қалаларын байланыстыратын үш бірдей теміржол туры іске қосылады. Бұл туралы Kazakh tourism хабарлады.

Туроператорлар саяхатшыларға қос елдің мәдени мұрасымен танысып, Ұлы Жібек жолының ізімен жүруге мүмкіндік ұсынады. Барлық турлар Алматы қаласынан басталып, ұзақтығы 5–7 күнді қамтиды. Бағдарламаға мәдени іс-шаралар, кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен экскурсиялар, заманауи вагондарда жайлы орналастыру, көлікпен әрі ішінара тамақпен қамтамасыз ету кіреді.

Алғашқы сапарды «Khan-Turan Travel» туроператоры ұйымдастырады. «Jibek Joly 5.0» деп аталатын бағдарлама 21 қыркүйекте басталады. Бұл – биылғы бесінші тур.

Бағдарда Алматы, Түркістан, Ташкент, Самарқанд пен Бұқара қалалары бар. Саяхатшылар Отырардағы ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жерімен де таныса алады. Сонымен бірге Тараз бен Шымкент қалаларында міну және түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Екінші турды «Тұран Қазақстан тревел» компаниясы ұсынады. 26 қыркүйекте жолға шығып, «Алматы – Самарқан – Бұқара – Ташкент – Түркістан – Алматы» бағыты бойынша өтеді. Бұл бағдарламаға бірнеше туристік компания серіктес ретінде қатысып отыр.

Үшінші сапар «Keruen Express» атауымен 30 қыркүйекте басталады. Оның бағыты Алматыдан Түркістанға, одан әрі Самарқанд пен Бұқара арқылы Ташкентке жетіп, қайта Алматыға оралады. Бұл тур аймақтың бай мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған.

Қыркүйек айында ұйымдастырылатын бұл үш теміржол туры арқылы саяхатшылар Ұлы Жібек жолының тарихын сезініп, Орталық Азияның рухани және мәдени орталықтарын көруге мүмкіндік алады.