
2025 жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлу мен студенттердің стипендиясы туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысқан. Соның ішінде 160,5 мың түлек (76,35%) шекті балды жинап, жоғары білім алуға мүмкіндік алды. ЕНТ-ның орташа балы – 69,42.
Мемлекеттік гранттарға биыл 113 мыңға жуық өтініш түсіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Үкімет тарапынан 93 232 грант бөлінді, оның 77 084-і – бакалавриат бағдарламасына арналған. Конкурс қорытындысында гранттар 99% игерілген.
Сонымен қатар вице-министр студенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, соңғы бес жылда стипендия көлемі екі есеге артқан. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы мынадай болады:
- бакалавриат студенттеріне – 52 372 теңге;
- педагогикалық мамандықтарда оқитындарға – 84 000 теңге;
- магистранттарға – 117 098 теңге;
- докторанттарға – 262 500 теңге.
Ал бұған дейін, 26 тамызда Қаржы министрі Мәди Такиев 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын таныстырған еді. Жоспарға сәйкес, әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңгеден астам қаражат бөлінбек. Оның ішінде әлеуметтік төлемдерді 10%-ға индексациялау, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың қатарын 288 мың адамға көбейту, сондай-ақ студенттердің стипендиясын көтеру және 19 392 жаңа білім грантын қаржыландыру қарастырылған.