Тимур Турлов пен Мәулен Әшімбаев Senat Open шахмат турнирінің финалын ашты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов ҚР Парламенті Палатасының Ашық шахмат кубогы – «Senat Open» республикалық турнирінің финалдық кезеңінің ашылу салтанатына қатысты. Биылғы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан астам әуесқой шахматшы қатысып, өз бақтарын сынады.
Финалға жиналған қатысушыларды құттықтаған Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шахматты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2027 жылға дейінгі шахматты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданған. Ал Сенат пен Қазақстан шахмат федерациясы бірлесіп ұйымдастырған «Senat Open» турнирі – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі.
«Бұл турнир екінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын оған қызығушылық артып келеді. Мұндай жобалар азаматтардың зияткерлік әлеуетін көтеріп қана қоймай, мемлекеттік басқару саласына да қажет дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Сенат Төрағасы.
Турнирдің алғашқы кезеңі 21 ақпан мен 27 мамыр аралығында еліміздің барлық облыстарында өтті. Кейін Түркістан, Семей, Көкшетау, Орал және Талдықорған қалаларында бес жартылай финал ұйымдастырылып, финалда 215 шахматшы бақ сынауға мүмкіндік алды.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, «Senat Open» турнирі шахматшылар үшін кәсіби шеберлікті арттыруға, тәжірибе алмасуға және жаңа достық байланыстар орнатуға таптырмас алаңға айналды. Оның сөзінше, жарыс табандылық, адал күрес, көшбасшылық пен үлкенді құрметтеу сияқты құндылықтарды дәріптейді.
Айта кетейік, шахматты насихаттау мақсатында биыл мектеп бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілді. Ол 60 мыңнан астам оқушыны қамтып, балалардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға және жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал етуде.