Lifestyle

Трансгендер Niko_nett құмар ойындарды жарнамалағаны үшін жауапқа тартылды

Трансгендер Niko_nett жауапқа тартылды / фото: instagram

Жыл басынан бері Қаржы Мониторинг агенттігі 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Аталғандардың ішінде Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев («Baller»), Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы, Ринат Шамшырақ және басқа да танымал контент жасаушылар бар.

11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23 адамға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне жолданды. Көпшілігі заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзып жүргені анықталды.

Мысалы, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын есімі – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері бес рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ал 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшырақ онлайн-казино жарнамалағаны үшін іріктелгендердің қатарында.

Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарға алынған. Соңғысы өзінің Telegram-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келген.

Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алса, Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде агрессивті науқан жүргізіп, жарнама арқылы 15,8 млн теңге тауып, оның жартысына жуығын казиноға ұтылып қалған.

Бұл істе қыз блогерлер де бар. Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылған.

Сондай-ақ, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да есімдер аталды.

Агенттік хабарлауынша, онлайн-казино жарнамасы – ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арналардың бірі. Соған қарамастан, кейбір блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекеттерін жалғастырып жатыр.

Осыған байланысты Агенттік мұндай істерді ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-тармағы бойынша – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін блогер Жанабыловтерге қатысты тексеру жұмыстары басталғаны туралы жазған едік.