Жаңалықтар

Алматыда 250 орындық заманауи жатақхана ашылды: онда қандай ЖОО студенттері тұрады

Алматыда жаңа жатақханаға кімдер оналастырылады?
Алматыда жаңа ашылған жатақханаға қай оқу орнының студенттері орналастырылады? Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда 250 орындық жаңа заманауи студенттік жатақхана ашылды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдік хабарлауынша, ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған. Жаңа жатақхана қазіргі стандарттарға сай жабдықталған.

«Ғимаратта студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бейнабақылау жүйесі орнатылған. Әр бөлмеде жеке санитарлық торап, тұрмыстық техника және өздігінен ас әзірлеуге арналған жабдықтар қарастырылған. Мұнда тек тұруға ғана емес, сонымен қатар оқуға және демалуға да жағдай жасалған», – делінген әкімдік хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жатақханаға алғашқы студенттер легі қоныстана бастаған. Жаңа ғимаратта бірден үш ірі жоғары оқу орнының жастары тұра алады.

Олар:

  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
  • «Тұран» университеті;
  • Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ).

Яғни шалғайдан келіп, аталған оқу орындарына түскен студенттер жаңа жатақханада тұруға өтініш білдіре алады.

«Алматыда жаңа студенттік жатақхананың ашылуы – студенттерге қолайлы оқу мен тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын орындаудағы маңызды қадам. Біз бүгін орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, жастарымыздың болашағына әрі қаланың дамуына қызмет ететін заманауи инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Жатақханаларға мемлекеттен қандай қлау көрсетіледі?

Қазіргі таңда жатақхана салған инвесторлар мен жекеменшік жатақхана иелеріне мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Мемлекет кәсіпкерлерге екі тетік арқылы көмек көрсетеді. Егер инвестор жаңадан жатақхана салатын болса, әр студентке 6 жыл қатарынан 230 АЕК (904 360 теңге) көлемінде қаражат төлеп отырады. Ал ғимаратты қайта жаңғыртқан жағдайда 8 жыл бойы әр студентке 92 АЕК (361 744 теңге) көлемінде төлем қарастырылған.

Жаңа оқу жылы басталатын уақытқа дейін Алматыда бұдан бөлек тағы 3 жаңа жатақхана ашылады. Олардың жалпы сыйымдылығы 1100 орынды құрайды. Ал жыл соңына дейін жалпы саны 15 жатақхана ғимараты пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл жатақханалар 6 мың студентті жатын орынмен қамтамасыз ете алады.

Айта кетейік, Алматыда жатақхана тапшылығы бұрыннан бар. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік қосымша 60 хостелдерді жатақханаға лайықтап, студенттерді баспанамен қамтып отыр. Бұдан бөлек қалада жалпы саны 120 жатақхана жұмыс істейді.

Айта кетейік, бірқатар оқу орындарының студенттері жатақханаларға орналаса бастады. Әлеуметтік желіде сутденттер салған видеолар көбейді. Ол видеороликтерден әр оқу орнының жатақханасымен танысуға болады.

Кейбір студенттерге жатақхана бөлмелері ұнап жатса, енді бірі «хоррордағы» көрініске ұқсайды деп, жатақханалардың жағдайына сын айтқан. Расында, кейбір оқу орындарының жатақханасының бөлмелері тар әрі екіқабатты төсектер пайдаланылатынын және тоңазытқыштармен қамтамасыз етілмегенін көруге болады. Ал кей оқу орындарының жатақханалары бірнеше бөлмеден тұратынын, ол жерде сабақ оқитын бөлек бөлме мен асхана бөлмесі бар екенін және қажетті техникамен қамтылғанын аңғаруға болады.