
Оқу жылы басталатын уақыт таяп қалды. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ата-аналарға мектеп формасын таңдауға қатысты кеңес берді.
Мектеп формасын қалай таңдау керек?
Комитет балаларға сапалы әрі денсаулығына зиян келтірмейтін киім таңдаудың маңыздылығына тоқталған. Ол үшін мектеп формасын тек сатуға рұқсат етілген орындардан алу ұсынылған. Сонымен бірге тауарды сатып алмас бұрын, оның маркировкасы мен мата құрамына мән беру керек.
Мектеп формасынан өткір жағымсыз иіс шығып тұрса, алмаған абзал.
«Сауда объектісінде тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы керек», – деп есертеді комитет.
Аяқ-киімді қалай таңдау керек?
Сонымен бірге Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аяқ-киімге қойылатын талаптарды да атаған.
Комитет ұсынысына сәйкес, аяқ-киім өкшесі қатты әрі артқы бөлігі сәл жоғары болуы керек. Балаға «өсіп кетеді» деп, тым үлкен аяқ-киім алудың да зиянды тұстары бар. Сол үшін аяқ-киімді шақ әрі қыспайтындай етіп таңдаған абзал. Ол үшін аяқ-киімді киген кезде аяқ саусақтары қатты қысылып тұрмауы керек. Яғни асты мен үстінен де, екі жанынан да қыспай тұрғаны дұрыс.
Бала оңай киюі үшін аяқ-киімнің аяққа бекітетін ілмегінің сапалы болғанына мән беру ұсынылады.