Жаңалықтар

Самокатты жалға беретін компания жетекшілері жауапқа тартылады – ІІМ

Кикшерингтік компания жетекшілері жауапқа тартылады
Кикшерингтік компания жетекшілері самокат қозғалысын реттемесе жауапқа тартылады / Фото: kursiv.media архив

Қала көшелеріндегі электросамокаттардың жылдамдығын реттемеген кикшерингтік компания жетекшілері енді жазаға тартылуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

БАҚ өкілдері жаяу жүргіншілерге жоғары жылдамдықпен жүретін самокатшылардан келетін қауіп артқанын, ІІМ самокаттардың қозғалысын реттей алмай жатқанын айтты.

Сұлтанбаев бұл мәселенің әлі де шешімін таппағанын растады.

«Самокаттар проблемасы әлі де бар екені рас. Бұрын қала көшелерінде самокаттармен қатар мопедтер қиындық тудыратын. Енгізілген заң негізінде мопед мәселесі шешіліп қалды. Ал самокаттардың қозғалысы реттелмей жатыр», – деді ІІМ өкілі.

Комитет басшысы министрліктің самокатты жалға беретін компаниялармен арнайы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Сұлтанбаев компаниядардың жол қозғалысы талаптарын лайықты деңгейде орындамайтынын, бұлай жалғаса берсе, жаза қолдану мәселесін қарастыратынын мәлімдеді.

Айтуынша, компаниялар тротуардағы самокаттардың жылдамдығын реттеуге уәде берген. Алайда бұл уәде сол күйі орындалмаған.

«Бүгінгі күні самокаттар тротуармен қозғалады. Алайда тротуарда жүру жылдамдығын сақтамайды. Компания жетекшілері самокаттар тротуармен жүрген жағдайда олардың жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспайды деп сендірді. Алайда іс жүзінде ол уәделерін орындамады. Сол себепті бұл компаниялардың басшыларына қатысты заң негізінде тиісті шаралар қолданылатын болады», – деді Сұлтанбаев.

Бұдан бөлек самокат жүргізушілерінде қозғалыс құралын кез-келген жерге тастап кету әдеті қалыптасқан. Олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қаладағы жалпы тәртіпті бұзады.

«Біз бұл мәселені де шешуді талап еткенбіз. Компаниялар жергілікті әкімдікпен келісіп, самокаттар тұратын нақты бір орынды белгілеуі керек болған. Бірақ ол талабымыз да орындалмады. Енді талапты орындамаған барлық компанияларды жауапқа тартамыз», – деді ІІМ өкілі.

Айта кетейік, полиция электровелосипедтердің де мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет екенін ескертеді. Мұндай көлік құралдары да мопед санатына жатқызылған. Яғни олар мемлекеттік нөмір алуы керек.