«Самұрық-Қазына» Қытай нарығына панда-облигациялар шығарып, сырттан қарыз алады

«Самұрық-Қазына» Қытай нарығына панда-облигациялар шығарып, сырттан қарыз алады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесімен өткізген отырысында айтылған.
«Қаржыландыру көздерін әртараптандыру аясында Қордың директорлар кеңесі ҚХР нарығында панда-облигациялардың дебюттік шығарылымы арқылы Сыртқы қарыз алуды мақұлдады», – делінген үкіметтің баспасөз хабарламасында.
Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есеп беріп, 2025 жылдың 7 айында Қордың кірісі мен EBITDA бойынша нақты мәндері жоспарланғаннан тиісінше 6% және 15%-ға асып түскенін айтқан.
Жобалар туралы
Сонымен бірге Жақыпов жиын барысында негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштер туралы айтқан.
Қор басшысы директорлар кеңесіне экономиканың басым салаларын қамтитын ірі инвестициялық жобалар туралы ақпарат берген. Қордың директорлар кеңесі 6 жобаны біріктіріп, жобалар тізбесін 52-ге дейін кеңейту туралы шешім қабылдаған. Оның шінде 30 жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар жасалып, 24 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Ал 4 жоба аяқталып, іске қосылған.
Сондай-ақ 11 жоба инвестиция алдындағы кезеңде, 11 жоба жобалау кезеңінде тұрғаны айтылды.
«Ірі жобалар бойынша қаражатты игеру 101%-ды, жергілікті қамту үлесі – 273 млрд теңгені құрады», – деді қор басшысы.
Энергетика саласындағы жобалар жайында
Энергетика саласы бойынша Көкшетау ЖЭО құрылысы басталған. Ал Екібастұз ГРЭС-2 кеңейту бойынша №3 энергия блогы орнатылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле бастаған.
Бұдан бөлек Алматыдағы ЖЭО-2-де жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бірінші газ турбинасын орнату бойынша жұмыстар аяқталған.
Ал мұнай-газ саласында газ бөлу кешенін салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылып, Кендірлі кентінде теңіз суын тұщыту бойынша алғашқы өндірістік желі іске қосылған.
Көлік-логистика саласындағы жобаларға қатысты Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысы жүріп жатқаны атйылды. Сондай-ақ Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша теңіз түбін барлау жұмыстары басталған.
Caspi Bitum, ZHETYSU және су тұщыту зауыттары бойынша жобалар аяқталған
Сонымен бірге осы жылы Caspi Bitum зауытының қуатын кеңейту бойынша жұмыстар мен ZHETYSU контейнерлік терминалының құрылысы аяқталған. Бұған қоса Кендірлі қаласында су тұщыту зауытының су тарату қондырғысы да пайдалануға беріліп, Жаңаөзен қаласына орталықтандырылған жүйелер арқылы су беріле бастаған.
«Аяқталуы биылғы жоспарланған бірқатар жобаны жүзеге асыру жалғасуда: «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдарында пойыз қозғалысы ішінара іске қосылды, Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды, «Талдықорған–Үшарал» магистралды газ құбырының желілік бөлігі аяқталды, Алматы айналма теміржол желісінің құрылысы жалғасуда», – деді Жақыпов.
Отырыс соңында Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығына инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына және нысандарды іске қосу кестесінің сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырған.
Айта кетсек, жаз айының басында Жоғары аудиторлық палата тексеріс жүргізіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 126 млрд теңгені тиімсіз әрі болашағы жоқ жобаларға жұмсағанын анықтаған.