Жаңалықтар

Орыстардың бәрі қазақша сөйлейтін қала анықталды (видео)

Бұл қалада орыстардың бәрі мемлекеттік тілді жақсы меңгергені байқалды / фото: gov.kz
Бұл қалада орыстардың бәрі мемлекеттік тілді жақсы меңгергені байқалды / фото: gov.kz

Орыстардың бәрі қазақша сөйлейтін Қазақстанның қаласы анықталды. Қазақ тілін үйрететін орталық тұрғындарға сауал қойып, бұған көз жеткізді.

QazLine орталығы «Шымкентте орыстардың бәрі қазақша сөйлейді» деген пікірдің рас екенін білу үшін этникалық орыстар арасында блиц-сауалнама жүргізген.

«Біз бұл теорияны тексеріп, Шымкентте шындығында да бәрі қазақ тілін білетініне көз жеткізіп отырмыз», – дейді орталық өкілдері.

Ұйымдастырушылар шымкенттік орыстардан «Қызғалдақ субұрқағына қалай баруға болады?» деп жол сұрайды.

Жолыққан адамдардың дені қонақжайлылық танытып, қазақ тілінде еркін жөн сілтей білген.

Бір қызығы, жастардың тілінде ешқандай мүкіс жоқ. Жас буын таза сөйлейтіні байқалып отыр. Орта жастағы, егде адамдарда акцент байқалғанымен, мемлекеттік тілді жақсы білетіні айқын көрінеді.

«Қалай ойлайсыздар, бұл кездейсоқтық па, әлде бізге тек білетіндер жолықты ма?», – деп орталық өкілдері өз көздеріне өздері сенбегенін жасыра алмаған.

Мұның алдында сауалнама қорытындысы қазақстандықтардың басым бөлігі үш тұғырлы тілді қолдайтынын көрсеткен еді.