600 мыңның торты: Ақысын төлеуден бас тартқан блогер Аселина сотқа келмеді

Бүкіл әлеуметтік желіні шулатқан 600 мыңның тортына қатысты сот процесі басталды. Бірақ ақысын төлеуден бас тартқан блогер Аселина Батыр алдын ала тыңдалымға қатыспады. Бұл жайлы кондитер Нұршат Ақбергеновтың адвокаты Аржан Сәдуақас мәлімдеді.
«Кеше алдын ала тыңдалым процедурасы өтті. Өкінішке орай, Аселина және оның өкілдері қатыспады. Енді екі аптадан кейін бірінші процесс басталады. Бірақ екінші тарап қатыспады, елемеді. Бұл негізінен – сотқа және процесс қатысушыларына деген құрметсіздік», – деді адвокат.
Оның сөзінше, Аселинаның сотқа келмеуі мәселені бейбіт түрде шешуден бас тартқаны дегенді білдіреді.
Құрақ көрпе тігуші кәсіпкер, блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенов арасындағы торт дауы – әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған шулы тақырыптың бірі болды. Оқырман екі тарапқа бөлінді. Бірі бағасын алдын ала айтпағаны үшін кондитерге наразы болса, екіншісі қандай болған күннің өзінде еңбекақы төленуі керек деп есептейді.
Аселина 6 қабаттан тұратын торттың бағасын 300 мың теңгеге бағалаған. Кондитер толық ақысын яғни 600 мың теңгені төлеуді талап етіп, салған ақшасын кері қайтарып жіберді.