АҚШ шетелдік студенттерге елде болуға төрт жылдық лимит қоймақшы

АҚШ-қа барған шетелдік студенттердің елде тек төрт жылға дейін қалуына болады. Трамп әкімшілігі осындай ұсынысын жариялады. Егер ол күшіне енсе, бірнеше жыл қатарынан елде оқуын жалғастыратын студенттер үшін үлкен кедергі болмақ.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінің пресс-релизіне сүйенсек, бұл ұсыныс шетелдік студенттерді бақылауға бағытталған. Ведомство өкілінің сөзінше, көптеген азаматтар «АҚШ-тың жомарттығын пайдаланып, колледж қабырғасында мәңгі студент болып жүре береді».
«Бұрынғы әкімшілік тым ұзақ уақыт бойы шетелдік студенттерге АҚШ-та іс жүзінде шектеусіз мерзімге қалуға мүмкіндік беріп келді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, ел азаматтарын қолайсыз жағдайға қалдырды», – деп мәлімдеді министрліктен.
1978 жылдан бері шетелдік студенттер АҚШ-та оқу біткенше қалуына болатын еді. Бірақ жаңа ереже қабылданса, бакалаврден кейін оқуын жалғастырамын дегендерге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті студенттік виза алуға өтініш берушілердің әлеуметтік желілердегі парағын тексеруге тапсырма берген. Ведомство виза алушылардан желідегі аккаунтын ашып қоюды сұрап жатыр.