
«Еуразиялық банк» АҚ-нің Өзбекстандағы еншілес ұйымының лицензиясы тоқтады. Елдің Орталық банкі осындай шешім қабылдады.
Банк лицензиясын алып тастауға жарғылық капиталының ең төменгі талаптарға сай болмауы себеп болған.
«Бұл шешім жарғылық капиталдың мөлшері заңнамада белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келмеуіне, сондай-ақ банктер және банк қызметі туралы заңнаманың басқа да талаптарының орындалмауына байланысты қабылданды», – деп жазылған Орталық банк мәлімдемесінде.
«Өзбекстан Республикасы Орталық банкі туралы» заңның негізінде банк лицензиясын мәжбүрлеп жою және ликвидациялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Нақты қандай басқа да талаптар екені жайлы реттеуші нақтыламаған.
«Нацбанка» телеграм арнасының жазуынша, 2025 жылы Өзбекстандағы банктердің жарғылық капиталына қатысты талап 500 млрд сом немесе 40 млн долларға дейін көтерілді. Бірақ «Еуразиялық банкте» ол 200 млрд сом деген деңгейде қалды.
«Қазақстандағы нарыққа көңіл бөлеміз»
Өз кезегінде «Еуразиялық банк» АҚ да Өзбекстандағы қызметін толық тоқтатқанын, бұл арнайы стратегиялық шешім екенін хабарлады.
«Бұл – ресурстарды Қазақстандағы бизнесті дамытуға шоғырландыру жөніндегі бұрын қабылданған стратегиялық шешімнің қисынды жалғасы. Өзбекстандағы банкке инвестицияларды тоқтату туралы шешім ресми реттеушіден хабарлама түскенге дейін-ақ басқарма мен директорлар кеңесі тарапынан мақұлданған. Қазақстан нарығына назар салу жаңа жобаларды жүзеге асыруға және клиенттер мен серіктестер үшін ең үлкен әлеует бар сегменттерде өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп жазылған қаржы ұйымының баспасөз баянында.
«Еуразиялық банктің» бас компаниясы – «Еуразиялық қаржы компаниясы». Оның акциялары үшке тең бөлінген: марқұм Александр Машкевич, Патох Шодиев және 2021 жылы дүние салған Әліжан Ибрагимовтың жесірі Мұкадасханның әрқайсысына 33,3%-дан тиесілі.
Өзбекстандағы «Еуразиялық банк» лицензиясын 2024 жылы алды. Осы жылдың бірінші тамызындағы дерек бойынша, актив көлемі жағынан елдегі 36 банктің ішінде ең соңынғы орынды иеленді. Актив көлемі – 104 млод сом немесе 8,3 млн доллар.