
2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 15 адам зардап шеккен еді. Солардың арасында 8 жастағы Алуа төсекке байланып, дәрігерлер өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын кесуге мәжбүр болды. Апаттан кейін әкімдік Алуаның отбасына үй берілетінін, автопарк қаржылай көмектесетінін айтты. Екі ай өткеннен кейінгі жағдай қандай? Берілген уәде орындалды ма? Kursiv Media тілшісі анықтап көрді.
«Үй күтіп отырмыз»
Алуаның жағдайын білу үшін оның анасының інісі Бахтияр Териковпен сөйлестік. Ол әлеуметтік желіде @help_aluabeken парақшасында жылу жинап, сол жерде қарындасының жағдайы жайлы ақпарат жариялап отырды.
8 жастағы Алуа – үйдегі бес баланың үшіншісі. Өзінен үлкен ағасы мен әпкесі, бір сіңлісі мен кішкентай інісі бар. Төртеуі де мектеп оқушысы, 4 жасар кенже інісі балабақшаға барады. Бұған дейін Алуа бауырларымен бірге Егіндікөлде жалдамалы пәтерде тұратын. Анасы екі жұмыста қатар істейді, әкесімен ажырасқан.
Ауруханадан шыққаннан кейін Алуа мен оның отбасына әкімдік пәтер жалдап берген. Қазір олар Астанадағы үш бөлмелі пәтерде. Бауырлары, Алуаның анасы, оның інісі Бахтияр және әжесі – барлығы бірге тұрады. Одан бөлек сақтандыру төлемі де төленген, ай сайынғы жәрдемақы түсіп тұратынын да айтты.
«Қазір жағдайы жақсы, анасы күтім жасап отыр. Мен күнде үйде, жанындамын. Балаларды ауруханаға апарамын. Дәрігерлер мазь жазып берген, күнделікті соны жағамыз. Серуенге шығамыз», – дейді Бахтияр.
Алуа апатқа ұшырағанда оның әжесі де жанында болған. Ол кісі де дәрігерлер бақылауында болып, ауруханаға барып жүрді. Қазір емі аяқталды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Алуаның отбасына пәтер беріледі деп мәлімдеген. Бақтияр Териков уәде берілген пәтер осы жылы желтоқсанда дайын болатынын айтады.
«Үй салынып жатыр, соны күтіп отырмыз. Астанада Ұлы Дала мен Тұран қиылысында салынып жатқан үйден береді. Қателеспесем, желтоқсан айында берілуі берілуі керек. Төрт бөлмелі пәтер», – деп түсіндірді ол.
«Мектепке барады»
Бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алуа Бекен үйден оқиды деген еді. Ағасы Бақтиярдың сөзінше, Алуа бауырларымен бірге Астанадағы 45-мектепке барып оқитын болды. Ал өздігінен қатынау үшін қазір Алуаға арнап протез жасалып жатыр. Оның шығынын автобус паркі өтейтін болған.
«Протезді автопарк төлеп береді. Барлығын жасап береміз, қосымша көмек керек болса айтыңдар деген. Бірақ басқа ешнәрсе айтпадық», – дейді Бақтияр.
Алуа ауруханада жатқанда автобус жүргізушісі де, оның туған-туыстары да келген.
«Алуа (ауруханада – ред.) жатқанда да, шыққаннан кейін де келді. Анасы қабылдады. Не дейді, тағдырға қарсы шыға алмайсың ғой, солай болды», – деді Алуаның нағашысы телефон әңгімесінде.
Апат болғаннан кейін Полиция департаменті автобус жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Кейіннен рахымшылық аясында ол іс тоқтатылды.
Автобус тиесілі «№1 Автобус паркі» АҚ Алуа және оның бауырларының шығынын өмір бойына мойнына алатынын мәлімдеп, кейіннен ол уәдеден тайқып кеткен еді.
Автопаркпен байланысқан Kursiv тілшісіне Алуаға негізінен қаржылай көмек берілгенін айтты. Отбасына автопаркке тиесілі сақтандыру компаниясынан 19 млн теңге және автопарк тарапынан 20 млн теңге көлемінде жеке әлеуметтік төлемдер жіберілген. Ауруханада шыққан кезде арнайы арба да берілген.
Еске салайық, 2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Көлік жүргізуші маневр жасау кезінде көлік тізгініне ие бола алмай, бағанға соғылған.