Жамбылда кәмелетке толмаған жасөспірім екінші рет жүкті болып қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Жаңатас ауданында жасөспірім жүкті болды. Осыдан екі жыл бұрын ол мәслихат депутатының күйеуінен аяғы ауыр болып, мәжбүрлі түрде түсік жасатқызған еді.

Кәмелетке толмаған студенттің жүкті болғанын Kursiv Media тілшісіне облыстық білім басқармасы растады.

«Қысқы каникул кезінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 1 курс студентінің жүкті екені анықталды. Аталған жағдай бойынша құзырлы органдарға дереу хабарланды. Кәмелетке толмағанның анасымен жауапкершілік мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп жазылған хабарламада.

Қазір жасөспірімді академиялық демалысқа шығармақшы. Жергілікті БАҚ-тің жазуынша, студент болашақ сәбидің әкесін жарияламаған. Қазір аудандық ауруханада есепте тұр. Анасы және бауырымен бірге Жаңатаста тұрады.

Осы іске қатысты Kursiv Media облыстық полиция департаментіне де сауал жіберді.

Депутаттың күйеуінен зорлық көрген

Осыдан екі жыл бұрын кәмелетке толмаған қыз баланың басында тағы бір қайғылы оқиға болған еді. 2023 жылы күзде 13 жастағы қыз мектеп-интернатта оқып жүріп, жүкті болып қалды. Кейіннен құзырлы органдар жергілікті мәслихат депутаты Галина Мороздың 55 жастағы күйеуінің зорлық жасағанын хабарлады.

Жасөспірімнің жүкті екені анықталған соң мектептегі мұғалімдері ата-анасына ескертпестен мәжбүрлеп түсік жасатқан.

Кәмелетке толмаған жасөспірімді жүкті қылған педофил 20 жылға сотталды. Мектеп директоры, психолог және түсік жасаған дәрігерлер де бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз