
«Қазақтелеком» топ-менеджерлері 2024 жылы шамамен 634,5 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған мәліметке сүйене отырып хабарлайды. Компания акцияларының 80%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, яғни үкіметке тиесілі.
2024 жылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқарма мүшелерінің жалақысы көбейді. Былтыр топ-менеджерлер компаниядан 634 млн 562 мың теңге алды. Салыстырар болсақ, 2023 жылы басқарма мүшелеріне 442 млн теңге төленген еді.
Компанияның басқарма құрамында, ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, қазір жеті адам бар. Олар:
Бағдат Мусин – басқарма төрағасы (2024 жылғы 10 маусымнан бастап);
Арнұр Нұрқатов – төрағаның бірінші орынбасары (2024 жылғы 18 шілдеден);
Абылайхан Оспанов – бас директор (2025 жылғы 7 қаңтардан);
Әлібек Индықбаев – бас директор (2023 жылғы 3 шілдеден);
Ержан Мейрамов – бас әкімшілік директоры (2024 жылғы 5 тамыздан);
Нұрлан Мейірманов – бас директор (2022 жылғы 1 мамырдан);
Игорь Погребицкий – бас директор (2024 жылғы 18 шілдеден бері).
Айта кетейік, топ-менеджерлердің бәрі былтыр басқарма құрамында болмаған немесе жыл ортасында кірген. Өйткені 2024 жылғы жазда компания басшысы ауысқан: маусым айында «Қазақтелеком» басқарма төрағасы қызметіне экс-министр Бағдат Мусин тағайындалған. Содан кейін компания басшылығында да елеулі өзгеріс болған.
Оспановтың басқарма құрамына жыл басында ғана кіргенін ескерсек, былтыр онда кем дегенде алты топ-менеджер болды деуге негіз бар. Осы қисынмен топ-менеджердің әрқайсының былтырғы табысын есептесек, шамамен 105 млн теңге болады. Әлбетте, бұл ретте басшылардың әрқайсының жалақы көлемі әртүрлі екенін, сонымен бірі олардың бірі басшылыққа ерте, бірі кеш келгенін ескерген жөн.
KASE мәліметінше, «Қазақтелеком» акцияларының 80,85%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, ал 9,96%-ы Telecom Systems Ltd жекеменшік компаниясына тиесілі. Соңғысының жалғыз қожайыны – Нұрлан Артықбаев. Ол акцияларды былтыр Jusan Bank-тен сатып алған.
Бұған дейін Kursiv.Media былтыр «ҚазТрансОйл» топ-менеджерлері жарты млрд теңгеге жуық сыйақы алғанын жазған.