«Отарлаушымен күрескен батыр»: XIX ғасырдағы ханның бас сүйегі қайтарылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: REUTERS/Abdul Saboor
Фото: REUTERS/Abdul Saboor

Франция бір ғасырдан астам уақыттан кейін Мадагаскарға үш бас сүйекті қайтарды. Олардың бірі сакалава халқының XIX ғасырдағы патшасына тиесілі. Оның басын кезінде француз жауынгері шапқан. Бұл туралы Kursiv.Media CNN мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Патша мен екі генерал

Франция билігі алғаш рет өзге елге адамның бас сүйегін қайтарып отыр. Себебі жергілікті үкімет 2023 жылы отанына жерлеу үшін адам қалдықтарын шетелге беруді көздейтін заң қабылдаған.

1890-жылдары Франция Африканың оңтүстік-шығысындағы аралға шабуылдап, сакалава халқының патшалығын басып алды. Осылайша Мадагаскарда француз колониясы пайда болды.

Франция мәдениет министрлігінің дерегінше, үш бас сүйектің бірі Тоэро патшаға тиесілі. 1897 жылы француз жауынгерлері оның басын шапқан. Мадагаскар 1960 жылы Франциядан тәуелсіздік алған.

Сакалава патшасының бас сүйегі Мадагаскарға қайтарылды / фото: REUTERS/Abdul Saboor
Сакалава патшасының бас сүйегі Мадагаскарға қайтарылды / фото: REUTERS/Abdul Saboor

Мадагаскар үкіметі отарлаушы елмен күрескен «батырлар» елге қайтарылды деп мәлімдеді. Ресми мәліметке қарағанда, қалған екі бас сүйек патшамен бірге шайқасқан екі генералға тиесілі. Олардың басы Франция ұлттық тарих музейінде сақталған.

«Адам қалдығын репатриациялау ғана емес, тарих пен естеліктің бір бөлігін қайтару. Енді біз оларды арулап жерлей аламыз», – деп мәлімдеді Мадагаскар мәдениет министрлігінің өкілі Фетра Ракотондрасоава CNN телеарнасына.

«Олардың бір ғасырдан астам уақыт – 128 жыл бойы жырақта болуы Ұлы аралдың (Мадагаскар) жүрегіндегі ашық жараға айналды», – деп мәлімдеді Мадагаскар мәдениет министрі Воламиранти Донна Мара.

Оның айтуынша, патша мен екі генералдың басы аралдың батысындағы Менабеде жерленеді.

Кенесары ханның бас сүйегі

Осыған ұқсас оқиға Қазақстанда да бар. Жергілікті тарихшылар ұзақ уақыттан бері XIX ғасырда отарлаушы билікпен күрескен Кенесары ханның бас сүйегін іздеп жүр.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мәліметінше, Кенесары Қасымұлы 1841–1847 жылдары барша қазақтың ханы болған. Шыңғыс тұқымы. 1837–1847 жылдар аралығында Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күрестің басшысы. Қоқан хандығына да қарсы әскери қимылдар жүргізген.

«Кенесары ханның бас сүйегін қайтару тарихты түбегейлі өзгертеді. Бұл – ежелгі рухты оятып, Қазақстанның күшеюіне әкеледі». Жасанды интеллект осындай ұйғарым жасаған. Тіпті, бас сүйектің қайда жасырылғаны жөнінде де өз болжамы бар.

Сондай-ақ оқыңыз