
Қазақстанда есепшоттардан ұрланған ақшаны қайтару рәсімі жеңілдетілді. Енді күмәнді операциялар бойынша бұғатталған қаражатты қайтару үшін сот шешімі емес, прокурордың санкциясымен тергеу органдарының хабарламасы жеткілікті. Бұл туралы Ұлттық банк жаңа түзетулер аясында хабарлады.
Сонымен қатар, антифрод-орталықта күмәнді банк карталары мен электрондық әмияндардың дерекқоры құрылатын болды. Бұған қоса, күмәнді транзакцияларды бұғаттау мерзімі 3 күннен 5 күнге ұзартылды — бұл банктерге тексеру жүргізуге көбірек уақыт береді.
Сонымен қатар, банктік шоты алаяқтық күдікке байланысты бұғатталған тұлғалар үшін зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы немесе жалақы аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдер мен өзге де ақша аударымдарына қолжетімділік сақталады.
Сондай-ақ, Қазақстанда «дропперлік» үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, яғни банк картасының немесе шот деректерін алаяқтарға беру – маңызды заңнамалық норма саналады.
«Бұл өзгерістер алдау әрекеттеріне тезірек жауап беруге, алаяқтықпен, есірткі саудасымен, қаржы пирамидаларымен және заңсыз ойын бизнесімен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда алаяқтық және өзге де заңсыз операцияларға қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін құру, осы қауіп-қатерлерге алдын ала шара қабылдау»,–деді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.
Бұдан басқа, Ұлттық Антифрод-орталық өз базасын Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және мобильді операторлармен біріктіреді.