5%-дық ипотека: Пәтер алуға дайындықты қазірден бастаңыз

Жарияланды
Алматы жастары ипотекалық бағдарламасының нәтижесі шықты
5%-дық ипотека: Пәтер алуға дайындықты қазірден бастаңыз / Фото: Shuttertsock

Пәтер ала алмай жүргендерге мүмкіндік көп. Тұрғын үй сарапшысы дәл осылай деп пікір білдірді. 5%-дық ипотека берілетіні рас па? Пәтер алудың тиімді жолдары қандай? Қаржыгер Перизат Бауыржан «Бүгін LIVE» студиясында осы сұрақтарға жауап берді.

«Көпшілік 5 пайызбен ипотека беріледі деп күтіп жүргеніне біраз уақыт болды. «Әзірге «Отбасы банкке» ақша жинай беріңіздер. Сол жерде бағалау көрсеткіші артса, ертеңгі күні конкурстан өтіп қалуыңыз әбден мүмкін» деп кеңес айтып жатқандар көп. Десе де, дәл қазір ондай бағдарлама нақты іске қосылған жоқ. Соған қарамастан, қазірден бастап дайындық жүргізуге болады. Алдағы уақытта жаңа бағдарламалар болады деген болжам бар», – дейді қаржыгер.

Маман мұндай бағдарлама басталған күннің өзінде ипотека ең әуелі үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетінін жеткізді.

«Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар, ең алдымен, кезекте тұрған азаматтарға және әлеуметтік осал топтарға беріледі. Егер бірінші нарықтан үй алғысы келетін азаматтың 50 пайыз бастапқы жарнасы дайын болса, кейбір коммерциялық банктерден 5 пайызбен ипотека алуға мүмкіндік бар. Бірақ 50 пайыз болса да, банк міндетті түрде сіздің кірісіңізге қарайды. Мысалы, айлығыңыз 300 мың теңге болса, соның тең жартысынан аспауы керек. Яғни, сізге осы табысқа сай ипотека рәсімделеді», – дейді студия қонағы.

Тұрғын үй сарапшысы ипотекамен кімдердің үй алуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Ипотеканы 18 бен 70 жас аралығындағы барлық ҚР азаматы ала алады. Сонымен қатар 18-35 жас аралығындағы жас отбасыларға арналған арнайы бағдарламалар да бар. Міндетті түрде соңғы 6 айдағы несие тарихы тексеріледі. Ол жерде микроқаржы ұйымдарынан немесе ломбардтардан алынған несие болмауы керек. Егер несие коллекторға өтіп кетсе, қазірден бастап сол жайында анықтама дайындап қойған дұрыс. Бұл анықтамалар кейде 10-14 күнге дейін дайындалады», – дейді Перизат Бауыржан.

Қаржыгер пәтер алу үшін қажетті кеңестерімен бөлісті.

«Ең әуелі ай сайынғы шығындарыңызды азайтыңыз. Кредиттік карталарыңыз болса, бәрін жауып, өз қаржыңызды ретке келтіру қажет. Себебі үйсіз жүргендер көп, бірақ бәрі бірдей ипотека ала алмайды. Егер үй алғыңыз келсе, басқа заттарды несиеге алмаңыз. 20 пайыз бастапқы жарна жинаңыз. Тұрақты табысыңызды ретке келтіріңіз. Осындай жағдайда арзан пайызбен ипотека алу мүмкіндігі жоғары», – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз