«Бұл мәміле маған емес, саған керек!» – Трамптың шарттасу мәнері туралы не білеміз

Жарияланды 1 Қыркүйек 2025 11:19

Ерлан Ысқақов

Ерлан Ысқақов

ye.iskakov@kursiv.media
Фото: Reuters/Jonathan Ernst, бильд-редактор: Милош Муратовский

АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысып жатқан Ресей мен Украинаны бітістіру жолындағы әрекетін жақында кейбір сарапшылар «көзін тарс жұма ұшып бара жатқанның» қылығына теңеп баға берген. Олардың айтуынша, Трамп осынау күрделі істе сарапшылар мен барлаушылардың ақыл-кеңесін керек қылмай, кәсіби мамандардың талдауын елемей, «бәрін өзім қатырамын» деген ұстаныммен баса-көктеп қимылдап бара жатыр. 

Дәстүрді бұзған

Қалыптасқан дәстүрді, тәртіпті бұзу, аяқасты ету – Трамптың бұрыннан, бизнесте жүрген кезінде-ақ қалыптасқан қолтаңбасы.

Қолтаңба демекші, оның ресми құжаттарға қолды әдеттегідей сиялы қаламмен емес, жуан қара маркермен қоятынын байқаған шығарсыз. Бұны кезінде өзі: «Бұрын сиялы қалам менде де болған, өзі удай қымбат, бірақ қол қоямын деп ұшын қағазға тигізсең, түк шықпайды, нағыз қажет кезде жазбай жүйкеңді тоздырады…» – деп түсіндірген. 

Сарапшы, кеңесші, кәсіби мамандардың көмегі керек кезде де осыған ұқсас тұжырымды ұстанады. 

Мәселен, оның заң кеңесшілеріне қатысты мына бір пікірі назар аударарлық: 

«Заңгерлерді суқаным сүймейді. Себебі олар мәмілелерді тез жасасуға құлықты емес, керісінше, істі созбақтап отырып алады. Күресу керек кезде тайқып, ымыраласуға бейім келеді. Ал мен ондай емеспін. Мен кері шегінбеймін, бар дәрменіммен күреске кірісіп кетемін. Өйткені бір рет бұғып қалсаң, сенімен бұдан былай ешкім санаспайды».

Трамптың мемлекет басқару саласындағы, үлкен саясаттағы ой-тұжырымдары мен іс-қимылдарына оның бұрын құрылыс саласында жүргенде көріп-білген жайттары, меңгерген әдіс-амалдары, ұстанған қағидалары әсерін тигізіп отыр деген пайым жиі айтылады. 

Осы ретте сарапшылар оның 1987 жылы жарық көріп, бестселлерге айналған The Art of the Deal («Мәміле жасасу өнері») атты еңбегіне сілтейді.

Шарттасу өнері

Дональд Трамптың өмірбаяны мен аты шулы жобаларының қалай іске асқанынан сыр шертетін осы бір әйгілі кітабын мәміле жасасу (шарттасу, серіктестік құру, өзге тараппен уағдаласу, оны өз дегеніңе көндіру, келісім рәсімдеу) ісіне арнап жазғаны бекер емес. Ол үшін мәміле күнделікті жұмыс, қатардағы кәсіп емес; мәміле – өмірдің мәні, жаңа белестерді бағындыруға итермелейтін мұрат-мақсат.

Өзгелермен шарттасудың өзіне тән стилін Трамп өте қарапайым әрі турашыл: көздеген мақсат – биік, ал талап – жоғары болу керек деп сипаттайды. Қарсы тарапқа сондай талап қойып, оны сол талапқа көнуге мәжбүрлеп, бірнеше қайтара қысым көрсетіп әрекет ету қажет. Лажы болса, кейде бастапқы талаптан біршама аздау олжаны қанағат тұтқан да жарайды, алайда көп жағдайда түбінде о бастағы дегеніме жетемін, дейді ол.

Трамп 1985 жылы Нью-Йорктің Вест-Сайд ауданында жер сатып алып, сонда «әлемдегі ең биік ғимарат» салатынын жария еткен. Елдегі бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы жапа-тармағай хабар тарата бастаған. Жобаны бәрі, соның ішінде сәулетшілер, мамандар мақтай жөнелді десеңіз, қателесесіз. Оны сынағандар көп болды. Алайда, ең бастысы, осындай зәулім жоба бар екенін ел білді – жобаның құнды бола түсетіні де содан. Ешкім естімеген жобаның кімге керегі бар?

Зорайтыңқырап жіберсең, нәтиже де зор болады! Автор бұл әдетін «шындыққа жақын гиперболизация» дейді: сәл асырып айтқаннан ешкімге зияны тимейді, есесіне жақсы жарнама шығады. Бірақ жұртты алдаудан аулақ болу керек: жұрт жобаны асыра мақтап жібергеніңізді емес, сол шаруаны іске асырмай қойғаныңызды бетіңізге басады. Қолға алған жобаны бітірмей тастасаңыз, жұрт сізді түтіп жейді.

Бұл мәміле саған керек

Уағдаластықтың түбі нәтижелі шықпайтынына өзіңіз сеніп қана қоймай, қарсы тарапқа да білдіріп қойсаңыз – құрыдым дей беріңіз. Бәрі ойдағыдай болу үшін, серіктесті «саған қажет нәрсе (ағыл. leverage – шарттасу контекстінде уақыт, ақша, жұмыс күші, біліктілік т.с.с. қатысты артықшылық) мына менде бар» дегенге иландырыңыз, дейді Трамп. 

Әр тараптың жанды жерін тауып, соған өтімді болатын уәж айту керек: құрылысқа қаражат бөлетін серіктеске «менен өзге тәуір серік таппайсың»; ақша сұрап барған банктерге «қаланың гүлденуіне сендер де міндеттісіңдер» дегенді бетіне басасың; ал қала әкімшілігіне «маған салықтан жеңілдік жасасаңдар, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашамын» дейсіз.

Пәтер алуға келген клиенттерге «әзірше шарт жасасуға ерте, бізде бұл нысаннан үй алуға ниет білдіргендер көп, кезекке тұрып күту керек» дейсіз. О баста қолжетімді көрінген пәтерге сұраныс көп екенін асырып айтсаңыз, оған деген қызығушылық та, сұраныс та арта түспек.

Көз бояудан тартынба

Әйгілі Holiday Inn желісі өзіне Атлантик-Ситиде серіктес таңдағанда, Трамп оларды «мен бәсекелестерімнен көш ілгерімін – осындағы мен бастаған құрылыс жобасы аяқталуға жақын; мені таңдасаңдар, өкінбейсіңдер» деген ойға жетелеу үшін барынша тырысқан. 

Шын мәнінде, өзге бәсекелестерінен көп оза қоймағанымен, құрылыс алаңында қызу жұмыс жүріп жатқандай әсер қалыптастыру үшін көз бояудан да тартынбаған. 

«Не керек, бәрін тастап, өзім сол жаққа барып, білек сыбана жұмыс істеуім ғана қалды. Одан өзгесінің бәрін жасадық», – дейді Трамп.

Мәмілені ақыры Holiday компаниясының директорлар кеңесі қарап, мақұлдайтын болды. Ол үшін кеңес мүшелері Атлантик-Ситиге келіп, құрылыс алаңын шолып, Трамп тарабының дайындығын тексермекші еді. Белгіленген күннен бір апта бұрын, Трамп құрылысқа бас-көз болған қызметкеріне хабарласып, айналада бар бульдозерлер мен жүк көліктерін дереу Трамптың құрылыс учаскесіне әкелуді бұйырды. Бір жетіден кейін қазір бос тұрған алаң құрылыс техникасына толып, ол техника тегіс жұмыс істеп тұруы тиіс – не істесе де бәрібір, әйтеуір тұтас қозғалып, қимылдап, жұмысты жапырып жатқандай көрінуі керек. Тіпті не істейтінін білмей қиналса, бульдозерлер бір телімде жер қазып, топырақты басқа телімге апарып үйе берсе де болады деген екен.

Келіскен күні Holiday Inn жетекшілерінің делегациясы «құрылыс» жүріп жатқан жерді өз көзімен көріп, Трамп шынымен мықты ұйымдастырушы екен – қолға алған жобасы ойдағыдай қарқынды жүріп жатыр деген ойға бекиді. 

Кеңес мүшелерінің арасында көргені бір қисынсыз тірлікке ұқсас-ау деген ойға келгендер де табылған, солардың біреуі Трампқа жақындап: «Анау бір жұмысшы шұңқыр қазып болып, шығарған топырағын сол шұңқырға қайта тастап толтырып жатыр ғой, неге?» – деп сұраған-ды. Бұған Трамп мардымды түсінік бере алмады. Абырой болғанда, сұрақ қойған кеңес мүшесі бұл жайтты одан әрі тергеуге құлық танытпаған…

О баста аса ұтымды әрі табысты көрінгенімен, мәмілелердің көбі бұзылып, белгіленген межеге жетпей қалып жатады. Сондықтан, Трамптың айтуынша, әуелден жобаның бірнеше нұсқасын ойластырып қойған абзал. Бір ғана жоба, бір ғана мәміле деп қойып, соған күш жұмсап, ол жүрмей қалса, өзіңіз сарқылып қалатындай жағдайға жеткізуге болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз