Александр Бублик алғаш рет US Open турнирінің төртінші айналымына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты. Бұл туралы Қазақстанның теннис федерациясы хабарлады.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Томми Полға қарсы келді.
Бірінші партияда тай-брейкте Бублик шеберлік танытты. Екіншісінде Пол есе қайырды – 7:6 (7:4). Үшінші сетте қазақстандық теннисші брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:3. Төртінші сетте тай-брейкте Пол табандылық көрсетті – 7:6 (7:5). Бесінші, шешуші партияда Бублик есепті 6:1 етті.
Үш сағат 37 минутқа созылған тартысты бәсекеде Бублик 22 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді.
Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен кортқа шығады. Бұған дейін екі теннисші Германияның Галле қаласында алаңға шыққан. Үш сетке созылған матч 3:6, 6:3, 6:4 есебімен Бубликтің жеңісімен аяқталды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина US Open-дегі жолын 4-раундта аяқтады.