
Ересектердегі гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі синдромы (синдром дефицита внимания и гиперактивности) жүйке дамуының бұзылғанын көрсетеді. Көп жағдайда бұл бала кезден байқалады, сондықтан оны көбіне «балалар арасындағы проблема» деп есептейді. Алайда бұл синдром көп жағдайда адам бойында өмір бойы қалады. Медициналық статистика бойынша, дүние жүзінде ересектердің шамамен 5%-ы, сондай-ақ балалардың да осынша пайызына гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі синдромы қойылған.
Бұл қандай синдром?
Гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі синдромы адамның мінезі жаман екенін, не болмаса тәрбиеде жіберілген қателікті білдірмейді. Бұл жағдайда адамның миы қалыпты жағдайдан басқаша жұмыс істейді, оны ерік-жігерді қосып өзгерту мүмкін емес. Қазірге дейін ғалымдар бұл синдром мидың жұмысына қалай әсер ететініне қатысты толық нейрофизиологиялық түсініктеме бермеді, алайда кей жайттар белгілі.
Мұндай адамдарда дофамин әсер ету реті бұзылады. Дофамин ми нейрондары арасында сигнал береді. Ол адамның іс-әрекетінен ләззат алуы үшін қажет. Гипербелсенділік бар адамдарда дофамин сигналдардың берілуі бұзылып, ми дофомин ала алмайды. Сондықтан оларды күнделікті, қайталанатын әрекеттер жалықтырып, бірден басқа, қызығырақ әрекетке ауысқысы келетіндей болып көрінеді.
Оның мишықпен де (мозжечок) байланысы болуы мүмкін деген болжам бар. Бұрын мишық тек қозғалысты және тепе-теңдікті басқаруға жауапты деп есептелетін. Бірақ қазір оның эмоцияларды, когнитивті процестерді және адамның өзіне көңілі толуын да басқаратыны анықталды. Сондықтан бұл мидың бөлігі де синдромның дамуына қатысы болуы мүмкін.
Ересектерде қалай байқалады?
Гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі синдромының үш негізгі белгісі бар: мұқият болмау, гиперактивтілік, импульсивтілік.
Ересектерде мұқият болмау мына жағдайларда көрінеді: жұмыс үстелі шашылып жатады, маңызды электронды хаттар назардан тыс қалады, тапсырмаларды орындау мерзімдері бұзылады. Мұндай адам жиі әңгімеден, кітап оқудан немесе фильм қараудан жалығып кетеді, яғни зейіні жоғалады.
Гиперактивтілік ішкі мазасыздық пен тоқтаусыз ой арқылы сезіледі. Мұндай адам бір уақытта бірнеше іспен айналысуға тырысады, тыныштықта отыра алмайды, оны міндетті түрде бір әрекет немесе әңгімемен толтыру керек. Адамды ұзақ әрі бірсарынды тапсырмалар қорқытады. Олар мұндай істерді үнемі кейінге шегереді.
Импульсивтілік әңгімелесіп отырған адамның сөзін бөлу, затты ойланбай сатып алу немесе ойланбай шешім қабылдау сияқты әрекет арқылы көрінеді.
Сондай-ақ мұндай адамдарға жоспар құру, қай істің маңызды екенін анықтау қиын. Тағы бір ерекше белгі – адам тапсырманы орындауға қанша уақыт кететінін нақты бағалай алмайды.
Мұндай адамдар көп жағдайда эмоцияға берілгіш келеді. Өздеріне ұнамаған жағдайда өте қатты реакция білдіреді және сол әсерден ұзақ уақыт шыға алмай жүреді. Көңіл күйі де тұрақсыз болады.
Неге балаларда жиі кездеседі?
Гиперактивтілік синдромы тек балаларға тән синдром деген қате түсінік қалыптасқан. Алайда бұл адам ересек кезде пайда болмайды. Бұл синдром ересек адамда болса, бұзылыс бала кезінде басталғанын білдіреді. Ересек шақта синдром белгілері жағдайға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, адамның жалпы денсаулығы, күйзеліс деңгейі, ұйқы сапасы сияқты факторлар симптомның айқын көрінуіне әсер етеді.
Ол неден пайда болады?
Ғалымдар мұның басты себебі ретінде тұқым қуалауға бейім болу дегенді атап отыр. Жүйкедегі өзгеріске адамның зейіні мен әрекетін бақылауға жауап беретін ондаған ген қатысады деп есептейді.Сондай-ақ синдромның пайда болуы қаупін арттыратын бірнеше фактор бар. Олар: шала туу және туған кезіндегі салмақтың аз болуы. Анасының жүкті кезінде темекі тартуы мен балада бұл синдромның пайда болуы арасында байланыс бары анықталған. Бірақ бұл байланыстың нақты себебі әлі белгісіз. Кей маманның пікірінше, мұндай жағдай шылымның зияны емес, әйелдің жүкті кезде де темекіні тастай алмауы әсер етеді. Мұндай әйелдер бұл синдромға шалдығуға бейім болуы әбден мүмкін.
Айта кету керек, гиперактивтілік синдромының ата-ана берген тәрбиеге қатысы жоқ.
Гаджеттердің әсері бар ма?
Кейінгі кезде интернетте ересектердегі бұл синдром гаджетке тәуелділіктің салдары деген пікір жиі айтылып жүр, алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Бұл нейродаму бұзылысы, ол тек бала кезінде пайда болады. Ал гаджеттерге шамадан тыс әуестік сыртқы орта әсерінен қалыптасатын әдет және бұл синдромға тікелей байланысы жоқ.
Дегенмен, бұл синдром мен цифрлық әлемнің арасында байланыс бар. Бұл синдром қойылған жасөспірімдер мен ересектер гаджетке салыстырмалы түрде көбірек тәуелді болады. Ал гаджеттерді қолдану артқан сайын, олардың психикалық денсаулығы нашарлай түседі. Алайда адамда бала кезден мұндай ерекшелік болмаса, кейін телефонды көп қолданғаннан пайда болмайды.
Диагноз қалай қойылады?
Гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі синдромын анықтауға арналған анализ немесе зерттеу әдістері жоқ. Сондықтан ересек адамдарға бұл диагнозды психикалық денсаулық маманымен ұзақ әңгімелесу арқылы қояды. Сонымен қатар басқа ықтимал себептерді (мысалы, қалқанша безінің гормондарының жоғары деңгейін) жоққа шығару үшін қосымша тексерулер жүргізіледі.
Дүниежүзінде диагноз қоюға арналған бірнеше клиникалық сұхбат әдістері бар:
АҚШ стандарттары нақты балл есептелетін кесте мен тізімге негізделге, яғни математикалық тәсіл.
Қазақстанда көбіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) диагностикалық талаптары қолданылады. Бұл әдіс цифрлық есептеуге емес, жан-жақты әңгімеге сүйенеді. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, диагноз қою үшін маман балалық шақтағы мінез-құлық ерекшеліктері, оқу мен жұмыстағы қиындықтар, қарым-қатынастағы проблемалар, психикалық денсаулыққа байланысты жан-жақты сұрақтар қояды. Адамның өміріндегі нақты қиындықтарға назар аударылады.
Өзіңізде ерекшелік бар-жоғын төмендегі тест арқылы білуге болады:
Өзіңізге сәйкес келетін тармақтардың жанына белгі қойыңыз. Боялған аймақтағы белгі санын есептеңіз. Егер төрт немесе одан көп белгі болса, бұл синдроммен байланысты болуы мүмкін.

Гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігі қалай емделеді?
Мұны стимуляторлар класына жататын препараттармен (метилфенидат, лисдексамфетамин) емдейді.
Стимуляторлар дофамин мен норадреналин секілді нейромедиаторлардың жұмысын реттейді. Бұл мидың әртүрлі функционалды жүйесінің жұмысын теңестіруге көмектеседі, яғни дефолт-жүйенің белсенділігін азайтып, мақсатты әрекет кезінде назарын бұрмайтындай етеді.
Емдеу барысында стимуляторлар бұрыннан қолданылады және көпжылдық тәжірибе бұл препараттардың өмір сапасын жақсартуда, жарақат пен суицид санын азайтуда тиімді екенін дәлелдеген.
Стимуляторлар синдром кезінде жақсы көмектеседі және әдетте адамдар оны қабылдау барысында қиындықпен бетпе-бет келмейді. Алайда бұл бей-жай қарайтын дәрі болмағандықтан, жанама әсері болуы мүмкін. Мұны тек дәрігер рұқсатымен ғана ішу қажет.
Ең жиі кездесетін кері әсердің ішінде жүрек соғу жиілеп, қан қысымы жоғарылау да бар. Дәрімен бірге ересек адамға когнитивті-мінез-құлық терапиясы тағайындалады.
Омега-3 немесе магний сияқты биоқоспалардың емдік әсері ғылыми тұрғыда дәлелденбеген.
Ересек адам гипербелсенділіктен арыла ала ма?
Қазір күнделікті өмірде бұл диагнозды үрейге бой алдыратын, гаджетке тәуелді немесе жұмысынан жалығатын адамдарға да жиі қоятын болған. Мұндай жағдайда адам өз бетінше «емделе» алады.
Ал медициналық жағынан бала кезінен бар адамдарда бұл нейродамудағы бұзылыс саналады. Оны емдеу дәрігер жазып берген препараттарды қабылдауды және кәсіби психотерапиядан өтуді талап етеді. Егер психотерапия қолжетімсіз болса, когнитивті-мінез-құлық терапиясы тәсілдерін өз бетіңізше қолдануға болады, бірақ олар толыққанды емнің орнын баспайды.
Ересектерге көмектесетін тәсілдер:
Мақсат қою және ненің маңызды екенін анықтау. Мақсат нақты, орындауға болатын, өзекті болуы керек. Сондай-ақ орындау мерзімін де бекіткен жөн. Мысалы, «келесі апта таңертең 15 минут жұмыс үстелімді реттеймін» деген нақты мақсат қойған дұрыс.
Тапсырманы бірнеше кезеңге бөлу. Мұндай диагноз қойылған адамдар ауқымды тапсырмаларды бірден орындауға тырысады. Бұл тәсіл тиімсіз.
Сондықтан алдымен істі кезең-кезеңге бөліп, нақты әрекет жоспарын жасап, сол жоспарды ұстану керек.
Негативті ойлармен күрес. Мұндай ересектер өз-өзіне жиі сенімсіз болады. Мінез-құлық терапиясын пайдаланып, жағымсыз ойларды анықтап, бұрынғы жетістіктерді де ұмытпау керек. «Мен бұл жобаны ешқашан аяқтамаймын» деген ойдың орнына «мен бұл жобаны ұсақ тапсырмаларға бөлемін және әрқайсысын орындап шығамын» деп ойлау керек.
Импульсті бақылау. Терапиядағы «саналы кідіріс» тәсілін қолданыңыз:
Импульсивті әрекет жасамақ болғанда терең тыныс алып, беске дейін санаңыз және өзіңізге сұрақ қойыңыз. Көп жағдайда осы 5 секундтық үзіліс ойлануға жеткілікті.
Уақытты басқару. Бұл жерде «помидор әдісі» пайдалы болады. Бұл тәсіл 25 минут жұмыс істеп, 5 минут демалуды ұсынады. Төрт рет 25 минуттық жұмыс сеансынан кейін ұзақ үзіліс жасау керек.
Мұндай диагноз қойылған адамдарға жұмыс түрін дұрыс таңдау маңызды.
Жұмыс кестесі икемді, бірақ нақты дедлайны бар болғаны дұрыс.