Тоқаев Қазақстанда ШЫҰ-ның су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.
«Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.
«Халықтарымыздың игілігі жолында шын мәнінде салмақты, жан-жақты пысықталған нәтижеге қол жеткізу мақсатында бұл датаға кеңінен ойластырылған, ұтымды ұсыныстармен келген дұрыс. «Шанхай рухының» жасампаз құндылықтарын ілгерілетуге табанды әрі табысты күш-жігер жұмсағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға тағы да алғыс айтамын», – деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасына және президент Садыр Жапаровқа табыс тіледі.
Бұған дейін Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысушы елдердің делегация басшыларымен кездесті.