Жаздың соңғы аптасы қор нарығы үшін жағымды болды

Өткен аптада әлемдік нарықтарда негізінен оң динамика байқалды. АҚШ-тың басты индекстері — S&P 500 (+1,19%) және Dow Jones (+1,32%) өсіп, жаңа тарихи максимумдарға жақындады. Бұл өсімге екі негізгі фактор ықпал етті:
- PCE инфляция көрсеткішінің төмендеуі. АҚШ-та жеке тұтыну шығындарының индексі (PCE) 2-тоқсанда 3,7%-дан 2,0%-ға дейін түсті. Бұл ФРЖ-ның қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығын күшейтті.
- Корпоративтік есептер. Nvidia (NVDA) және басқа технологиялық алыптар сарапшылар күтулерінен жоғары нәтиже көрсетті.
Техникалық тұрғыдан S&P 500 фьючерстері 6496 пунктке жетіп, 6500–6520 деңгейіндегі қарсылыққа таяды. Егер осы шектен өтсе, келесі мақсат 6600–6620, ал орта мерзімде экстремалды таргет 6850–6950 пункт болуы мүмкін.

Еуропадағы FTSE 100 (-1,31%) теріс аймақта қалды, ал Қытайдың Shanghai Composite индексі (+2,27%) жақсы серпін көрсетті. Бұл Қытай экономикасын қолдау шараларының әсерімен байланысты.
Қазақстан нарығы
KASE индексі бір аптада +4,43% өсіп, 6993 пунктке жетті. Бұл – жаңа рекорд. Қазақстандық компаниялар акциялары да негізінен оң динамика көрсетті:
- Банк ЦентрКредит (BCC) – +16,39%
- Kaspi.kz – +0,17%
- ҚазМұнайГаз (KMGZ) – +2,81%
- KEGOC – +0,06%
- Air Astana – +0,95%
Бұл өсімге ұлттық валюта бағамының салыстырмалы тұрақтылығы (USD/KZT апталық диапазон: ₸533,30 – ₸538,84) және инвесторлардың қызығушылығы ықпал етті.
Шикізат нарығы
- Brent мұнайы $67,42 деңгейінде, апталық өзгеріс -0,27%. Баға $66–68 қолдау аймағында тұр. Бірақ ОПЕК+ қыркүйекте өндірісті қосымша 548 мың баррель/тәулікке ұлғайтуға келіскен соң, мұнай нарығы әлсіреуі мүмкін. Жақын қолдау $56–58, ал қарсылық $76–78 диапазонында.
- Алтын $3459,7 деңгейіне жетіп, апталық өсім +2,66% көрсетті. Құнды металл $3430–3450 қарсылық деңгейін сынап тұр. Егер осы шектен жоғары орнықса, баға $3500–3600 мақсатты аймағына қарай қозғалады.
Криптовалюта
Биткоин апта ішінде -6,87% құлдырап, $108 888,5-қа дейін түсті. Бұл ретте инвесторлар тәуекел активтерінен қорғаныш активтерге – алтынға көбірек назар аударып отырғанын байқауға болады.
Валюта нарығы
Доллар индексі аптаның басында күшейгенімен, соңына қарай әлсірей бастады. EUR/USD жұбы 1,16–1,17 диапазонында, ал енді 1,17 деңгейін бұзса, ірі қозғалыс 1,1950–1,2050 аймағына қарай жалғасуы мүмкін.
Саяси фактор
Нарықтағы басты алаңдаушылық – АҚШ ФРЖ-сының тәуелсіздігіне қатысты. Президент Дональд Трамп ФРЖ төрағасы Джером Пауэллге қысымды күшейтіп отыр. Дегенмен, инвесторлар бұл тәуекелді әзірге елемей, акцияларға белсенді қаражат құйып жатыр.
Келесі аптаға күтулер
- АҚШ еңбек нарығының есебі (Non-Farm Payrolls) шығады. Уолл-стрит жұмыссыздықтың 4,2%-дан 4,3%-ға өсуін күтуде. Бұл ФРЖ-ның қыркүйектегі шешіміне әсер етуі мүмкін.
- Техникалық тұрғыдан S&P 500 үшін басты кедергі – 6500–6520 деңгейінде. Оның бұзылуы жаңа раллиді іске қоса алады.
Апта инвесторлар үшін негізінен позитивті болды:
- АҚШ нарығы тарихи максимумдарды жаңартты;
- Қазақстан биржасы рекорд орнатты;
- Алтын өсімін жалғастырып, қауіпсіз актив ретіндегі орнын нығайтты;
- Мұнай әлсіреп, биткоин құлдырады.
Келесі аптада негізгі назар АҚШ еңбек нарығына және ФРЖ-ның қыркүйектегі шешіміне ауысады.