Lifestyle

АҚШ визасын алу қазаннан бастап қымбаттауы мүмкін

АҚШ-қа виза алу қымбаттауы мүмкін/фото: shutterstock

АҚШ билігі 1 қазаннан бастап жаңа visa integrity fee деп аталатын визалық алымды енгізуі мүмкін, деп хабарлайды Reuters. Бұл жағдайда туристік, студенттік, жұмыс және өзге де иммиграциялық емес виза құны $185-тен $435-ке дейін өседі.

Жаңа алым енгізілетіні туралы АҚШ билігі шілдеде хабарлаған. B1/B2 (туризм және іскерлік сапарлар), F-1 (оқу), J-1 (алмасып оқу бағдарламары) және H-1B (жұмыс) визаларына өтініш берушілерге $250 көлемінде visa integrity fee төлеу міндеттелмек. Егер виза талаптары толық сақталса, төленген қаражатты қайтарып беру қарастырылған.

Қазір АҚШ визасы үшін тек $185 консулдық алым төленеді. Жаңа алым енгізілгеннен кейін виза бағасы $435-ке жетіп, әлемдегі ең қымбат визалардың біріне айналмақ. Бұған дейін бұл өзгерістерді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған еді, алайда мерзімі қысқартылды.

Жаңа алым Мексика, Аргентина, Бразилия, Үндістан және Қытай азаматтарына ауыр тиеді. Бұл елдерден АҚШ-қа ең көп турис барады.

Үндістаннан баратын туристер саны биыл 2,4% азайған. Қытайдан баратын туристер саны пандемиядан кейін әлі өспеген.

Шілдеде АҚШ-қа келушілер жалпы саны жылдық көрсеткіш бойынша 3,1%-ға азайған.

АҚШ билігі бұған дейін 2025 жылы елге келетін туристер саны пандемияға дейінгі деңгейден (79,4 млн адам) асып түседі деп күткен еді, алайда болжам орындалмай отыр.

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің болжамы бойынша, 2025 жылы АҚШ-та шетелдік туристердің шығыны $169 млрд болады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен ($181 млрд) төмен.

Соған қарамастан, президент Дональд Трамп әкімшілігі көші-қон саясатын қатаңдатып жатыр. Оның ішінде студенттік және журналистік визалардың мерзімін шектеу ұсынылған.

Сондай-ақ туристік виза $5 мыңнан $15 мыңға дейін кепілдік жарнамен беріле бастады. Ереже сақталса, бұл қаражат қайтарылады.