Айгүл Байбек жымқыру фактісі үшін сотталған бухгалтерінің айыптауына жауап берді

«Aray Media Group» студиясының құрылтайшысы Айгүл Байбек 281 млн теңгені жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы бас бухгалтер Ризагүл Махметованың туыстары таратқан мәлімдемелерді жоққа шығарды. «Курсив» редакциясына жолдаған хатында ол сотталушыны «Байбек отбасының құрбаны» етіп көрсетуді ақылы пиар-кампанияның бір бөлігі деп атады.
«Қоғам шындықты білуі керек»
Айгүл Байбектің айтуынша, 25 тамызда сотталушының туыстары «ақылы баспасөз конференциясында» істі бұрмалап көрсеткен.
«Қоғам шындықты біліп, әділ қорытынды жасауы тиіс деп санаймын», – дейді ол.
Студияның құрылуы
Ол өнертану кандидаты, профессор, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы екеніні айта келе 2014 жылы әкесінің қолдауымен Астанада «Aray Media Group» студиясын құрғанын жеткізген. Он жыл ішінде компания Disney және Sony секілді халықаралық студиялардың серіктесіне айналып, фильмдерді қазақ тіліне дубляждаумен, «Дос-Мұқасан» фильм-мюзиклі сияқты ондаған жобаны жүзеге асырумен айналысады.
«Студия ашық жұмыс істеп, халықаралық жоғары стандарттарға сай бюджетке 400 млн теңгеден астам салық төледі», – дейді Айгүл Байбек.
Жеке қаражатты салу
Компания құрылтайшысы дағдарыс жылдары студияны жеке қаржысымен қолдағанын атап өтті.
«2021 жылғы 20 тамызда Алматыдағы үш бөлмелі пәтерімді 50 млн теңгеге саттым, ал 2024 жылғы 9 тамызда әкем жақында ғана сыйға тартқан Астанадағы коммерциялық нысанды саттым», – дейді Байбек.
Ол 200 млн теңгеден астам қаржысын студияға құйғанын, бұл ақша жалақыға, салыққа және міндетті төлемдерге жұмсалғанын айтады.
«Мен студия мен жұмыс орындарын сақтау үшін өз жағдайымнан бас тартқан кезде, бас бухгалтер, тергеу мен сот дәлелдегендей, аса ірі көлемде ұрлық жасаған», – деді ол.
Ұрлық схемасы
Айгүл Байбектің айтуынша, Махметова студияда 2019 жылдан бастап жұмыс істеп, 2021 жылдың шілдесінен бас бухгалтер болған. Ол банктік шоттарға, электрондық қолтаңбаға және 1С жүйесіне толық қол жеткізіп, материалдық жауапкершілік арқалаған.
Іс материалдары бойынша келтірілген залал – 281,3 млн теңге, оның ішінде:
- 196,2 млн теңге – Махметованың және бұрынғы күйеуінің шоттарына аударылған;
- 79,5 млн теңге – ресми жалақысы 280 мың теңге бола тұра, жоғары еңбекақы ретінде заңсыз есептелген;
- 85 млн теңге – сотталушының құрбысына тіркелген ЖШС арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сот сараптамасы банк үзінділері жалған, қолтаңбалар қолдан жасалғанын, құжаттар жойылғанын және кеңседен қағаздарды шығаруға талпыныс болғанын растаған.
Айгүл Байбектің сөзінше, схемаға бухгалтердің туыстары: ағасы, жиені және тәтелері де қатысқан.
«Бұл бухгалтериядағы қателік емес, әдейі жасалған әрі мұқият ойластырылған ұрлық пен алаяқтық схемасы», – деді ол.
«Көрпені кеңге жаю»
Сот барысында Махметова студияда жұмыс істеген кезде Астанадан пәтер, Volkswagen Tiguan және Hyundai Tucson көліктерін сатып алып, шетелге 10 млн теңгеге жуық қаражат жұмсағаны анықталған.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың желтоқсанында ол өз шотына 2,7 млн теңге аударып, оның 1,5 млн теңгесін «Московский ювелирный завод» бутигінде әшекейлерге жұмсап, «платина клиенті» мәртебесін алған.
«Жалпы, тергеу Махметованың өзіне және туыстарына «көрпені кеңге жаюға» мүмкіндік жасағанын анықтады», – деді Байбек.
Басқа ұрлық фактілері
Байбек бұрынғы директор Алмас Әлімжанов (2017–2021 жылдар) nа ұрлық жасағанын айтты: ол кінәсін мойындап, 90 млн теңгені қайтарып, процессуалдық келісімге келген. Іс тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтатылған.
«Компанияның бұрынғы директорынан айырмашылығы, сотталған Махметова қылмысын мойындамайды және ұрланған қаражатты қайтаруды қажет деп санамайды. Керісінше, ол бұрынғы тәжірибені ескере отырып, аса ірі көлемде одан да күрделі ұрлық схемасын жасады», – деп санайды құрылтайшы.
Ағасының атын пайдалану
Айгүл Байбек іске ағасы, бұрынғы саясаткер Бауыржан Байбектің қатысы жоқ екенін баса атап өтті.
«Сотталушы мен оның жақтастарының отбасымды «ықпалды» етіп көрсету үшін ағамның атын пайдалануға тырысқаны ашу тудырады», – дейді ол.
Айгүл Байбектің айтуынша, Бауыржан Байбек 2022 жылдың 2 ақпанында «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетіп, саясаттан толықтай кеткен. Содан бері ол шетелде жұмыс істеп жүр: екі жылдан аса БАӘ-де, соңғы бір жарым жыл – Жапонияда. Қазір ол әкесі Қыдырғали Байбек құрылтайшыларының бірі болып саналатын компанияда кеңесші.
«2022 жылдың наурызынан бастап ол Ақмола облысында неміс технологиясы бойынша өңдеу өнеркәсібіне инвестиция құятын Qazaq Kaolin компаниясында кеңесші болып жұмыс істейді. Осылайша, ағам сотқа дейін саясаттан 3,5 жыл бұрын толық кеткен», – деді ол.
«Оның қамаудағы әр айы – 3,5 млн теңге»
Студияның құрылтайшысы Махметоваға шыққан үкімді «тым жұмсақ» деп санайды.
«Сотталушы Махметова – жәбірленуші емес, жүйелі әрі ірі ұрлықтың циникалық ұйымдастырушысы. Сот процесі заң аясында өтті және, меніңше, тым жұмсақ үкіммен аяқталды», – деді Байбек.
Ол 10 тамызда апелляцияға бергенін, себебі сотталушының қылмысын мойындамағанын және келтірілген залалды өтемегенін айтты.
«Егер ұрланған 281 млн теңгені 7 жылға бөлсек, оның қамаудағы әр айы шамамен 3,5 млн теңгеге «түседі»», – дейді ол.
Айгүл Байбектің айтуынша, сотталушы амнистияға немесе мерзімінен бұрын босатылып шығуға үміттеніп отыр.
Бұған дейін, 281 млн теңгені жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылған «Aray Media Group» ЖШС бухгалтері Ризагүл Махметованың қорғау тарабы ол тек компанияның құрылтайшысы Айгүл Байбектің және директор Мадина Әбішеваның тапсырмасын орындағанын айтқан.