Батылдық пен эксперименттің жарқын үлгісін көрсеткен Ninety one тобына 10 жыл

Ерекше стилімен отандық шоу-бизнесті дүрсілкіндіріп, қоғамда біршама шу тудырған Ninety One тобына 10 жыл.
Топ дебюттік «Айыптама» синглын 2015 жылғы 1 қыркүйекте шығарған. Өнер ұжымын продюсер, Орда тобының мүшесі Ерболат Беделхан корейлік K-Pop индустриясының жүйесі негізінде құрып, өздерін Қазақстандағы Q-Pop бағытының негізін қалаушы ретінде жариялады. Топ о баста 5 адамнан тұрды.
Ninety one әкелген жаңа бағыттың ерекшелігі – әртістер тек орындаушы емес, әр туындының авторы. Әнін де, сөзін де өздері жазып, туындыға міндетті түрде рэп қосып, шығармаға жеке би қояды, тек жанды дауыста өнер көрсетеді. Образдары ашық, жарқын.
Жанкүйерлермен етене жұмыс істейді, оларға жеке атау береді. Бағыттың концепциясына сай, жобаның коммерциялық жағы той бизнеске емес, жанкүйерлерімен бірге жасалатын түрлі шараларға негізделген. Фан-кездесу ұйымдастырып, әр жанкүйеріне топ мүшелерімен тікелей тілдесу, суретке түсу мүмкіндігі жасалады. Мерч сатып, концерттік турлар істейді. Телеарналармен, түрлі брендтермен эксклюзив келісім-шарт жасайды.
Ninety One алғашқы әні «Айыптамаға» түсірілген алғашқы бейнебаянынан-ақ ешкімді бей-жай қалдырмады.
Өнеріне ғашық болғандар да, жігіттердің образын түсінбей наразылық танытқандар да болды. Қарсы тарапқа жігіттердің шаш пен көздерін бояғаны, киімі ұнамады. Тіпті оларды ЛГБТ насихатшысы ретінде қабылдағандар да кездесті. Бірнеше қалада концерттеріне тыйым салынып, топтың өнер көрсетуіне рұқсат берілмееген кездер болды.
Топ қоғамдағы қарсылыққа бағыты таптаурындарды бұза отырып, қазақ тілін заманауи музыкаға икемдеп, әуезді ете түскісі келетінін түсіндірумен, шығармашылығымен жауап берді. Сөйтіп біртіндеп қарсылық толқынын сейілте алды.
2020 жылы топ лидері AZ лақап атымен өнер көрсеткен Азамат Зенкаев ұжымнан кетіп, 91 тобы 4 адаммен өнер көрсетуін жалғастырды.
2022 жылы топ продюсерден бөлініп, жеке шықты.
Ninety one осы 10 жылда толық екі альбом, бірнеше шағын альбом жазып, 50-дей ән, ондаған бейнебаян шығарды. Фильм, телехикая түсірді.
Топ махаббат тақырыбынан бөлек, әндері арқылы қоғамдық оқиғаларға пікір білдіреді. Тұрмыстық зорлық, табиғатқа қамқорлық жасау мәселелерін көтеріп, қиындыққа төтеп беруге, өзіңе сенуге шақырады.
Ninety one өнердегі батылдықтың, эксперименттің, қазақтілді музыканы коммерцияға айналдыруға болатынының жарқын үлгісін көрсетті.
91 бүгінде шығармашалық демалыста. Топ мүшелері үйленіп, сәбилі болып, өздерін жеке әртіс ретінде танытып жүр.
Бұған дейін, Ninety One тобының мүшесі ACE сүйіктісімен бірге гендер пати өткізгенін хабарлағанбыз.