
10 көлікті ұтысқа қойған Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі сотқа кеткен. Бұл туралы Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, блогерлердің әрекетіне байланысты шағым түскен. Соның негізінде тексеріс жүргізіліп, материалдар сотқа жолданған.
«Қазіргі таңда толық тексеріс жүріп жатыр, іс сотқа берілді. Бұл мәселені сот шешеді», — деді Мырзабосынов.
Басқа блогерлерге қатысты тексеріс
Журналистер министрден басқа да блогерлердің осындай ұтыс ойындары тексеріліп жатқан-жатпағанын сұрады. Мырзабосынов бұл жұмыстарды тиісті комитет жүргізіп жатқанын айтқанымен, блогерлердің нақты есімін атамады.
Даудың мәні
18–21 тамыз аралығында «Zhanabylov_e» және «elt6i» аккаунттарымен танымал блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының (30 мың теңге) сілтемесі ұсынылған. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.
Министрлік түсіндіргендей, Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяны тек ресми операторлар мен олардың агенттері ғана өткізе алады. Ерболат Жанәбіловке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді. Эльмира Төлегеноваға қатысты тексеріс жалғасып жатыр.
Алайда блогерлер өз іс-әрекетін заңды деп тұжырымдап, мемлекетпен соттасуға дайын. Бұл жайлы олардың адвокаты Олег Чернов Курсив тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеген.