Жаңалықтар

«Біз тек халыққа есеп береміз»: Депутат Aitu мессенжерін орнатудан бас тартпақ

Депутат Базарбек келер жылдан мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін айтты
Депутат Базарбек Aitu-ы орнатпаймын дейді / Фото: kursiv.media

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазақстандық Aitu мессенджерін орнатудан бас тартатынын айтты. Оның сөзінше, депутаттарды ешкім мұндай қосымшаны пайдалануға міндеттей алмайды.

«Әзірге депутаттарды Aitu қосымшасын қолдануға ешкім міндеттеген жоқ. Ешкім ешкімді осы қосымшаны қолдануға міндеттей алмайды. Біз – халықтың таңдауы арқылы келген өкілдерміз. Бізді тек халық пен Мәжіліс спикері ғана міндеттей алады», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, бұл қосымша мемлекеттік қызметкерлер үшін әзірленген, сондықтан оны үкімет мүшелері мен министрлік өкілдері қолдана алады.

«Ал біз депутаттар тек халыққа есеп береміз. Үкімет бізге талап қоя алмайды», – деп атап өтті Базарбек.

Еске салсақ, тамыз айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке деректерге қатысты барлық коммуникацияларды шетелдік мессенджерлерден қазақстандық Aitu-ға көшіруді тапсырған еді. Осыдан кейін мемлекеттік органдар бірінен соң бірі жаңа қосымшада чаттар мен арналар аша бастады.

Aitu – 2018 жылы іске қосылған қазақстандық цифрлық платформа. Ол хабарламалар мен қоңыраулар, топтар мен арналар құру, төлем жасау, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Жақында мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы нұсқасы дайындалатыны да хабарланған.

Сонымен қатар, алаяқтар мемқызметкерлерге міндеттелген Aitu мессенджерін бүркеніп, алдауға көшкені хабарланған.