
Қазақстанда кейбір азаматтарға кредит берілмейді. Егер адамның айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болса, ол банктен несие ала алмайды. Сондай-ақ бүкіл кредиті айлық табысының жартысынан асып кетсе, несие рәсімдеу мүмкін емес.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) жаңа қаулысы халықтың шамадан тыс қарызға батпауына бағытталған. Соған сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беру ережелерін күшейтеді.
Банктен алған кредитті 30 күннен, ал микроқарызды бір күннен артық кешіктірген азаматтарға да несие берілмейді. Соңғы үш жылда қарызы толық кешірілгендерге де жаңа қарыз алу қиындайды. Ал кепілсіз тұтынушылық несиенің мерзімі бес жылдан аспауы тиіс.
Егер қарыз алушы соңғы бір жылда борышын қайта құрылымдатып, бірақ ол нәтиже бермесе, оған да несие берілмейді. Мысалы, қарыз алушының төлемдері алты ай ішінде 5%-ға азаймаса немесе жыл ішінде екі реттен көп қайта құрылымдаса, бұл тиімсіз деп саналады.
Сондай-ақ сыйақы сомасы негізгі қарыздың 20%-ынан асып кетсе немесе бұрынғы қарыз жаңа несие арқылы өтелсе, мұндай жағдайда да несие рәсімдеуге болмайды.
Ең қатаң талап соңғы бір жылда қарызын 90 күнге кешіктіргендерге қойылады. Олар үшін қарызға қызмет көрсету коэффициенті екі есе қысқарып, табысының тек 25%-ына дейін ғана төлем жүктемесі рұқсат етіледі. Бұл дегеніміз, айлық табысының төрттен бірінен артық бөлігі қарыз төлеуге жұмсалмауы тиіс.
ҚНРДА мәліметінше, қазіргі таңда микроқаржы ұйымдарының жалпы портфелінің төрттен бір бөлігіне жуығында қарыз бойынша кешіктіру бар. Жаңа талаптар дәл осы санаттағы тәуекелі жоғары қарыз алушыларды шектеуге бағытталған. Статистикаға сәйкес, халықтың мойнындағы кредиті 24 трлн теңгеден асып кеткен.