Қолма-қол ақша мен бөліп төлеу: тауарларға екі түрлі баға қойыла ма

Жарияланды 2 Қыркүйек 2025 12:36

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова тауарларға екі түрлі баға қойылуы керек деген пікір білдірді. Агенттік төрағасы қолма қол ақшаға сатып алғанда бір баға, ал бөліп төлеуге алса, басқа баға көрсетілуі тиіс деп тұжырымдайды.

Өйткені тауар құнын бірден төлеп алатындар бөліп төлейтіндермен салыстырғанда артық төлеп ұтылады. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

«Негізінде бүкіл тауарлар бөліп төлеумен сатылатындықтан, бірден төлейтін сатып алушы үшін тауардың бағасы жүз пайызды құрайды. Ол үшін баға іс жүзінде қымбаттап отыр. Сондықтан екі баға болуы керек», – деді Әбілқасымова.

Мадина Әбілқасымова тауарды бөліп төлеу алу банк арқылы рәсімделетіндіктен, несие болып саналатынын айтты. Сондықтан сатып алушы тауарды бөліп төлеумен алғанда қанша артық ақша төлейтінін анық білуі керек.

«Егер ол тауарды бірден алса – бір баға, ал бөліп төлеумен алса, оған қосымша қанша үстеме қосылғанын білуі тиіс. Дәл сол сияқты, несие алғанда да ол өзінің пайыздық мөлшерлемесін және жалпы артық төлемін нақты сомамен біледі», — деді ол.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, дифференциалды баға белгілеу жүйесін енгізу бағытында жұмысты жалғастырмақ. Бұл тұтынушыны дұрыс ақпараттандыруға және жасырын үстеменің алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз