Жаңалықтар

11 жастағы Әлімжан Жауынбай Фуджейрадағы шахмат фестивалінде топ жарды

Әлімжан Жауынбай Фуджейрада шахматтан алтын алды / фото: Шахмат федерациясы

Қазақстандық 11 жастағы шахматшы Әлімжан Жауынбай Біріккен Араб Әмірліктерінің Эль-Фуджейра қаласында өткен халықаралық шахмат фестивалінде алтын медаль жеңіп алды.

2200 рейтингтен төмен жас санатындағы Youth-Open турнирінде Әлімжан 9 мүмкін ұпайдың 8-ін еншілеп, 250 қатысушының арасынан дара шықты. Бұл жетістік жас дарынның шахматтағы әлеуетін тағы бір мәрте айқындап берді. Бұған дейін Әбу-Дабиде өткен жарыста 11 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанған болатын.

Superstars турниріндегі басты бәсеке

2025 жылғы 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Фуджейрада алғашқы жаһандық чемпионат өтті. Бас турнир – Superstars бәсекесінде 19 елден келген рейтингі 2560 және одан жоғары 44 гроссмейстер бақ сынады. Жеңімпаз атанған 18 жастағы үндістандық Пранаву Венкатеш 7 ұпай жинап, рейтингтік көрсеткішін 2843-ке дейін жеткізді.
Екінші орынға 21 жастағы америкалық Брэндон Джейкобсон (6 ұпай), үшінші орынға мексикалық Хосе Эдуардо Мартинес Алькантара ие болды. Ал ирандық Мохаммад Амин Табатабаи төртінші орынға тұрақтады.

Masters турниріндегі қазақстандықтар

2200–2599 рейтингті шахматшылар арасында өткен Masters турниріне 239 ойыншы қатысып, олардың қатарында 14 қазақстандық жас та бар еді. Жарыста жеңісті 16 жастағы америкалық гроссмейстер Брюингтон Хардуэй (7½ ұпай) иеленді. Екінші орынға түрік шахматшысы Умут Ата Акбас (7 ұпай), үшінші орынға ирандық Артин Ашраф жайғасты.

Қазақстандықтар арасынан Алдияр Жауынбай, Даниял Сәпенов, Арыстанбек Оразаев және Алдияр Аңсат 6 ұпайдан жинап, үздік 20–36-шы орындар қатарынан көрінді. Әсіресе, 13 жастағы Алдияр Жауынбай өз рейтингіне 72,4 ұпай қосып, халықаралық шебер (IM) нормасын орындады. Сондай-ақ 12 жастағы Данис Қуандықұлы да 5 ұпаймен IM нормасын орындағаны қуантты.