
Бейжіңдегі Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға мүдделі екенін жеткізді.
Президент атом энергетикасын дамыту мәселесі ҚХР Төрағасымен кездесу кезінде егжей-тегжейлі талқыланғанын айта келе, елде Қытай компанияларының қатысумен жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған бірқатар тиімді жобаларды атап өтті.
«Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 млрд доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елдің атом энергетикасы саласын дамыту мәселесінде Қытай елінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды көздеп отырғанын айтты. Қазақстанның бұл салаға қытай технологиясын тартып, білікті мамандар дайындау бағытында ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Бұл мәселені Си Цзиньпинмен кеңінен талқыланғанын да жеткізді.
«Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. SANY компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын», – деді Тоқаев.
Айта кетсек, Қазақстанда екі атом электр станциясын да Қытай салып береді. Екінші АЭС салуда Қытай мүмкіндіктері кеңінен қарастырылатынын маусым айында Тоқаевтың өзі мәлімдеген болатын. Ал үшінші АЭС-ті де Қытай салуы мүмкін екенін шілденің аяғында вице-премьер Роман Скляр айтты.