Жаңалықтар

Жанармай бағасы тағы қымбаттай ма – депутат жауап берді

бензин бағасы
Жанармай бағасы қымбаттай ма? / Фото: коллаж kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Инфляция күн санап қарқын алып келеді. Сәйкесінше, барлық тауар түрлері қымабаттап жатыр. Жанармай бағасы да өсе түсуі мүмкін деген болжамдар айтылып қалады. Бұл мәселеге қатысты БАҚ өкілдері депутат Бақытжан Базарбектің пікірін сұрап көрді.

«Жанармай күн сайын 1-2 теңгеге қымбаттап жатыр. Болашақта оның бағасы 380 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қаншалықты рас?» – деп сұрады журналист.

Бақытжан Базарбек мемлекеттің инфляциямен күрес жүргізіп жатқанын, бірақ одан еш нәтиже шығара алмағанын айтты.

«Міне, 20 жыл болды мемлекет инфляцияның соңынан ілесе алмай келеді. Мемлекет күресуге тырысып жатыр. Бірақ одан нақты нәтиже шықпай жатқанын мойындауымыз керек. Енді президенттің жолдауын күту керек. Оның шешімін президент ұсынатын шығар», – деді депутат.

Ал депутат Еркін Әбіл жанармай бағасы 1 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін жасырмады.

«Әлемдік нарықта бензин бағасы орташа алғанда 1 литрге 1 долларды құрайды. Біздің елде әрине, мұншалықты көтерілегенін қаламаймыз. Бірақ біз бағаны реттемесек, оның құны 1 долларға дейін өсуі мүмкін», – деді депутат.

Айта кетейік, көрші ел Ресейде инфляция қарқын алып жатыр. Бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына теріс әсер ететінін Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы 10%-дан аспайтынын мәлімдеді.