
Қытай инвесторлары Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар құйған. Бұл туралы Бейжіңдегі Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында айтты.
«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз», – деді президент.
Тоқаев Қазақстан экономикасы Орталық Азия елдеріндегі ең ірі экономика екенін жыл сайын елдің даму қарқыны артып келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қатынастың айқын көрінісі», – деді ол.
Сонымен бірге елде инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғалатынын, шетелдің бизнес өкілдері үшін елде қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Бұл орайда арнайы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатқанын, Инвестициялық штаб жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл штаб шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға барынша қолдау көрсететінін атап өтті.
«Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет», – деді президент.