Жаңалықтар

Ата-аналар мектептегі буллинг үшін айыппұл төлейді

Мектептегі буллинг үшін ата-аналар жауапқа тартылып жатыр / фото: shutterstock
Мектептегі буллинг үшін ата-аналар жауапқа тартылып жатыр / фото: shutterstock

Мектептегі буллинг үшін ата-аналарға айыппұл салынады. Яғни, бала тәртібіне ата-ана жауапты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

2025 жылы буллинг үшін алғашқы айыппұл көлемі 10 АЕК (39 320 теңге) болады. Егер жағдай қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін өседі.

«ДосболLIKE» бағдарламасы

Мектептер мен колледждерде арнайы антибуллинг бағдарламасы – «ДосболLIKE» енгізілуде. Оның аясында оқушыларға аптасына бір рет қақтығыстарды конструктивті шешу, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамыту сабақтары өтеді.

Сонымен қатар, мектептерде, колледждерде және балабақшаларда «жеке қауіпсіздік сабақтары» қайта енгізіледі. Әр сабақ сынып сағатында 10 минутқа созылады, тақырыптар жылына үш рет қайталанады. Балалар интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтардан қорғану, төтенше жағдайдағы әрекет, зорлық-зомбылықтың алдын алу ережелерін үйренеді.

Буллинг деген не?

Буллинг – бір адамның екіншісін жүйелі түрде қасақана мазақтауы, қорқытуы немесе қорлауы. Ол офлайн да, интернетте де (кибербуллинг) орын алуы мүмкін.

Енді мектептегі буллинг үшін де жауапкершілік қарастырылып отыр.

Түрлері қандай?

Буллингтің түрлері нақты көрсетіліп отыр. Атап айтқанда:

Физикалық – итеру, ұру, заттарын сындыру;

Вербалды – балағаттау, мазақ ету, қорқыту;

Әлеуметтік – елемеу, оқшаулау, өсек тарату;

Кибербуллинг – әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, онлайн ойындарда қорлау.

Мектептегі буллинг баланың психикасына теріс әсер етіп, өзін-өзі бағалауын төмендетеді және психологиялық проблемаларға әкелуі мүмкін.

Буллингке шағымдану жолдары

Егер балаңыз буллингке ұшыраса, мамандар мына кеңестерді ұсынады:

Мәселені мектеп әкімшілігіне хабарлау керек. Әрбір жағдайды тіркеу (күні, уақыты, не болғаны, кім қатысқаны) қажет. Керек болса, психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгіну ләзім.

Балаларға арналған қолдау арналары

QR-код арқылы «Бала қорғау» онлайн-чат (тәулік бойы) жұмыс істейді. Сонымен қатар, 111 жедел желісі (тәулік бойы) бар. Психологиялық қолдау орталықтары (психологиялық, медициналық, заңгерлік және әлеуметтік көмек) қолдау көрсете алады.

Буллингке қатысты сот істері

2024 жылы қарашада Оралда сот 13 жасар оқушының анасын мектептегі буллинг үшін жауапқа тартты. Ол 10 жасар балаға екі жыл бойы жасалған қысымға байланысты ескерту алды.

Қостанай облысында жүрегі ауыратын қызды ұзақ уақыт мазақ еткен баланың әкесі айыппұл төледі. Бұған дейін оған ауызша ескерту жасалған. Айыппұл көлемі – 25 800 теңге.

Мұның алдында Оқу-ағарту министрлігі 2024-2025 оқу жылының қорытындысы мен жаңа 2025–2026 оқу жылына қойылған міндеттерді жариялаған еді.