«Қайрат» – «Реал» матчы қайда өтетіні белгілі болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Спорт министрі «Қайрат» – «Реал» Чемпиондар лигасы матчы Алматыдағы Орталық стадионда өтетінін айтты / фото: "Қайрат" ФК
Спорт министрі «Қайрат» – «Реал» Чемпиондар лигасы матчы Алматыдағы Орталық стадионда өтетінін айтты / фото: «Қайрат» ФК

«Қайрат» пен «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасы матчы Алматыда өтетінін Спорт министрі Ербол Мырзабосынов растады.

Tengrisport.kz берген сұхбатында министр «Қайрат» – «Реал» Чемпиондар лигасы матчы Алматыдағы Орталық стадионда өтетінін айтты.

Астанада өтпейді

Жеребеден кейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы Орталық стадионның УЕФА талаптарына сай келмей қалуы мүмкін деген әңгімелер тараған болатын. Осыған байланысты матчты Астанаға ауыстыру туралы да болжамдар шықты. Министр бұл қауесетті жоққа шығарды.

Алматы стадионы стандарттарға сай

«Бүгінде бар назарымызды Чемпиондар лигасының үй матчтарына дайындыққа аударып отырмыз. Алматыдағы стадион – УЕФА-ның төртінші санатты аренасы. Стандарттарға сәйкес келеді. Сондықтан ойынды осында өткізу жоспарда», – деді Мырзабосынов.

Қанша турист келеді?

Министр Алматының мұндай деңгейдегі шараларды өткізуге дайын екенін де атап өтті.

«Бұған дейін де түрлі іс-шаралар өтті. Сол кезде инфрақұрылымның дайын екенін көрсеттік. Оның үстіне, «Реалдың» ойынына УЕФА квотасы бойынша 4-5 мың шетелдік турист келуі күтіліп отыр», – деді ол.

Билет бағасы қанша болады?

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та матч билеттерінің бағасы 400 мың теңгеден асады деген ақпарат шықты. Кейбір деректерде баға 500 мың теңгеге жетуі мүмкін екені айтылған.

Алайда министр бұл мәселеге мемлекет араласпайтынын атап өтті.

«Қазір нақты баға жоқ. Бұл бағытта клуб пен УЕФА бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Ресми ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланады. Мемлекет бағаға әсер ете алмайды», – деді министр.

Мұның алдында «Қайрат» – «Реал Мадрид» билеттеріне қатысты маңызды ақпарат жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз