
Қазақстан мен Қытай 70-тен астам коммерциялық келісімшарт жасап, 15 млрд доллар көлемінде жаңа жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Ақорданың мәліметінше, екі ел жалпы құны 15 млрд доллар болатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойды.
Келісімдер энергетика, цифрландыру, құрылыс, металлургия, телекоммуникация, көлік және логистика салаларын қамтиды.
«Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ол алдағы уақытта тек арта түсетініне сенімдімін. Қазақстанда қытайлық капиталдың қатысуымен 6 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Олардың қатарында CNPC, CITIC, SINOPEC, Huawei секілді әлемдік деңгейдегі ірі корпорациялар бар. Президенттің сөзіне қарағанда, ірі бизнес қана емес, орта деңгейлі компаниялар да кеңінен ұсынылып отыр.
Сонымен қатар Тоқаев Қытайдың Қазақстан экономикасына қазірге дейін 27 млрд доллар инвестиция құйғанын атап өтті. Ол қаржы секторындағы қазақ-қытай іскерлік байланыстарын одан әрі нығайтуға шақырды.