Жаңалықтар

Өзбек шекарашылары екі қырғыз азаматын атып тастады

Өзбек шекарашылары талапқа бағынбады деп екі қырғыз азаматына оқ атқан / фото: KursivMedia мұрағаты
Өзбек шекарашылары талапқа бағынбады деп екі қырғыз азаматына оқ атқан / фото: KursivMedia мұрағаты

Өзбек шекарашылары екі қырғыз азаматын атып тастады. Оқиға екі елдің шекарасында болған. Қырғызстандықтар талапқа бағынбаған көрінеді.

24.kg ақпаратына қарағанда, өзбек-қырғыз шекарасында Қырғызстанның екі азаматы қаза тапты. Оқиғаға байланысты екі ел шекара қызметтері бірлескен тексеру жүргізбек.

Оқиғаға қатысты мәліметтерге сүйенсек, 25 тамызда милицияға Жалал-Абад облысы Чатқал ауданы Айгыр-Джал ауылының екі тұрғынының жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен.

28 тамызда өткен жұмыс кездесуінде өзбек тарапы қырғыз шекарашыларына 15 тамыз күні Өзбекстан аумағында, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан шекаралары түйісетін жерде екі белгісіз адамның табылғанын жеткізген. Өзбекстанның дерегі бойынша, олар өзбек шекарашылары талаптарына бағынбаған. Оларды ұстау кезінде қару қолданылған. Екеуі де оқ тиіп қаза болған.

31 тамызда қаза тапқандардың туыстары Өзбекстанға барып, олардың жеке басын растады. 1 қыркүйекте «Баймақ» өткізу пункті арқылы марқұмдардың денелері Қырғызстанға жеткізіліп, Кербен қаласындағы мәйітханаға сараптамаға тапсырылды.

Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан шекара қызметтері 2 қыркүйектен бастап оқиға орнын бірлесіп зерттеуге келісті. Өзбек тарапы шекарашылары атқан азаматтардың үш жылқысы мен шатырын Қырғызстанға қайтаруға дайын екенін айтты.

Аталған оқиға бойынша кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері кейінірек жарияланады.

Сондай-ақ қазақ-өзбек шекарасында шекарашылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен еді.