Банк пен қаржы

Сот Еуразиялық банкке Ибрагимовқа бағынуға уақытша тыйым салды

Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Дина Карамчакова

Алматыда Патох Шодиевтің «Еуразиялық қаржы компаниясына» қарсылығына орай жабық сот отырысы өтті. Аталған қаржы ұйымының құрамында Еуразиялық банк және «Еуразия» сақтандыру компаниясы бар.

Даудың басы неден басталды?

«Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) акционерлері арасындағы дау 2025 жылы басталды. Марқұм болған акционер Әлижан Ибрагимовтың ұлы Шухратқа екінші бір акционер Патох Шодиев қарсы шықты. Кикілжіңге не себеп болғаны белгісіз. Bloomberg жазуынша, Шодиев ЕҚК-ны сатуды ұсынған, бірақ Ибрагимов оған түбегейлі қарсы болған.

14 тамызда Шодиев сотқа арыз түсіріп, 30 шілдедегі ЕҚК директорлар кеңесінің шешімін негізсіз деп тануды талап етті. Директорлар кеңесінің құрамында Шухрат Ибрагимов пен Андрей Копов та бар. Бұған дейін Шодиев 2 маусымдағы директорлар кеңесінің шешімін кері қайтаруды талап етіп арыз түсірген.

Сот қандай шешім шығарды?

Іс материалдарына сүйенсек, Алматының ауданаралық экономикалық соты 15 тамызда Шодиевтің арызын жартылай қанағаттандырды. «Еуразиялық қаржы компаниясына» 30 шілдеде директорлар кеңесі қабылданған шешімді орындауға тыйым салды.

Сондай-ақ Еуразиялық банк, «Еуразия» сақтандыру компаниясы және басқа да еншілес ұйымдар Ким Инесса Чер-Хвановтан басқа тұлғалардың шешімін орындамауға міндеттелді.

Ким Инесса Чер-Хванов – «Еуразиялық қаржы компаниясының» директоры. Бұл қызмет атқарушы тұлға ретінде 2023 жылдың 1 тамызында агенттікпен ресми түрде бекітілді

«Азаматтарға арналған үкімет» те ЕҚК-ның басқарма мүшелеріне қатысты дерегін Ким Инесса Чер-Хвановтан басқа тұлғаларға ауыстыруға тыйым салды.

«Сот ұйғарымымен келіспеген жауапкер бұл ұйғарымды жою туралы арызбен сотқа жүгінді. Сот отырысында өтініш берушінің [ЕҚК] және үшінші тұлғаның [Шухрат Ибрагимов] өкілдері өтінішті қолдай отырып, соттан қамтамасыз ету шараларын жоюды сұрады», – делінген іс материалдарында.

Алайда сот ЕҚК-нің қамтамасыз ету шараларын жою туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Қамтамасыз ету шаралары – бұл сот істі түпкілікті шешкенге дейін қолданылатын уақытша шаралар.

Ашық дереккөздерде Шодиев қарсылық білдірген 2 маусым мен 30 шілдедегі директорлар кеңесі отырыстарында қандай шешімдер қабылданғаны жөнінде ақпарат жоқ.

eGov.kz деректеріне сәйкес, «Еуразиялық қаржы компаниясы» марқұм Әлиджан Ибрагимовтың жұбайы – Мукадасханға, Патох Шодиевке және марқұм Александр Машкевичке (2025 жылғы 22 наурызда қайтыс болған) тиесілі.