
Жұмысты тоқтату туралы арыз-талап түсіргеніне қарамастан Rams Beyond Almaty тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.
«Бүгін таңертең Rams жұмысын жалғастырып жатыр. Яғни бұл заңсыз деген сөз. Көз алдымызда Алматыдан айырылып жатырмыз», – деді ол журналистерге сұхбатында.
Оның сөзінше, бұл жағдай Құрылыс туралы жаңа кодексті барынша қатаңдатуға себеп болуы қажет. Депутат ғимараттардың тым тығыз орналасуы тек Алматы ғана емес Астана мен Шымкент тәрізді ірі қалаларға тән мәселе екенін атап өтті.
Бірақ Rams Beyond депутаттың сөзін жоққа шығарды.
«Ол жерде құрылыс болмаған. Тек ескі ғимаратқа демонтаж жүргізілді», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі Bes.media порталына.
Бұған дейін, 28 тамызда, Бақытжан Базарбек 40 қабатты Rams Beyond ғимаратының құрылысы тоқтағанын жазған еді. Алматылықтар да үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етіп, E-petition.kz платформасына петиция жариялаған.