Жаңалықтар

Депутат Базарбек Қапшағай маңындағы жерлерді кімдердің иемденіп алғанын жарияламақшы

Қапшағай маңындағы жерлерді кімдер меншіктеп алған? / Фото: kursiv.media архиві

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағайдағы жерді заңсыз иемденгендердің аты-жөнін жариялайтынын айтты.

Назарбаев, Құлыбаев, Боранбаев?

Депутаттың бастамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы 82 жер учаскесі тексеруден өткен. Сол учаскелердің кейбірінің иесі ретінде Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» ЖШС көрсетілген. Дегенмен мұнда басқа да тұлғалар бар.

«Бұл – жергілікті әкімдік, Алматы облысы әкімдігі мен құқық қорғау органдарындағы жоғары лауазымды тұлғалар. Бізде олардың аты-жөндері бар. Қазір нақты бенефициарларды анықтап жатырмыз. Кейбір жер учаскелері заңды тұлғаларға рәсімделген. Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев бұл жерлердің жалғыз бенефициары емес. Осы 82 учаскенің артында көптеген жоғары лауазымды тұлғалар тұр», – деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.

Депутат Базарбектің айтуынша, олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары да бар.

«Көп. Шынымен көп. Олар Алматының барлық таулы аймақтарында бар, үнемі аттары аталып жүреді», – деді ол.

Алайда депутат әзірге басқа есімдерді жариялай алмайтынын айтты. Себебі мемлекеттік органдардан нақты дәлел алынбайынша, мұндай ақпаратты жариялау сот істеріне алып келуі мүмкін.

«Мен үнемі соттасып, заң шығарушылық жұмысымнан алшақтағым келмейді, түсініңіздер. Бірақ бұл істі соңына дейін жеткізуіміз керек. Бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Әрине, бұл тұлғалар жердің қайтарылуына кедергі келтіру үшін барын салады. Маған қысым жасауға тырысады. Бұл олардың құқығы. Ал біздің міндетіміз  әділет пен заңдылықты қалпына келтіру», – деді ол.

Ол сондай-ақ бұл жерлерді заңсыз таратқан әкімдік қызметкерлері де жауапқа тартылуы тиіс екенін атап өтті.

«Бұл жер телімдері ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына жатады және жеке меншікке берілмеуі тиіс. Алайда Қапшағай әкімдігі Қапшағай маңындағы барлық жағалау аймақтарын үлестіріп жіберген. Қазіргі иелері бұл жерлерді қоршап, шлагбаум орнатып тастаған», – деді депутат.

Еске салайық Бақытжан Базарбек өңірлерді аралау барысында қайғылы оқиғаның куәсі болған еді. Қапшағайда депутаттың көз алдында әйел адам суға батып кетті. Осы жағдайдан кейін депутат су қоймалары орналасқан жер учаскелеріне қатысты тексеріс ашылғанын мәлімдеген болатын.